АЛМАТЫДА БРИТАНДЫҚ ПРОФЕССОРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН РОБОТТАНДЫРЫЛҒАН ЭНДОПРОТЕЗДЕУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ӨТТІ

АЛМАТЫДА БРИТАНДЫҚ ПРОФЕССОРДЫҢ ҚАТЫСУЫМЕН РОБОТТАНДЫРЫЛҒАН ЭНДОПРОТЕЗДЕУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ АЛМАСУ ӨТТІ

ҚЖШККА-да жамбас және тізе буындары хирургиясы саласының әлемге танымал маманы, британдық ортопед-хирург, профессор Джон Конройдың қатысуымен халықаралық кәсіби тәжірибе алмасу өтті.

Іс-шара барысында тізе және жамбас буындарын эндопротездеудің заманауи тәсілдері MAKO роботтандырылған жүйесін қолдана отырып таныстырылды. Негізгі мақсат - тәжірибе алмасу, озық технологияны көрсету және буын хирургиясындағы жаңа мүмкіндіктерді кеңейту болды.

STRYKER MAKO жүйесі - АҚШ, Еуропа және Азия клиникаларында қолданылатын әлемдік деңгейдегі технология. Ол КТ негізінде буынның 3D моделін жасап, отаны алдын ала дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Ота кезінде жүйе хирург әрекетін бақылап, дәлдікті арттырып, тіндердің зақымдануын азайтады және қалпына келу уақытын қысқартады. Бүгінде бұл технологиямен әлем бойынша 2 миллионнан астам ота жасалған.

Профессор Джон Конрой клиникалық жағдайларды талдап, отаға дейінгі жоспарлау қағидаттарын түсіндіріп, роботтандырылған хирургиядағы дәлдік пен қауіпсіздікке ерекше тоқталды.

Практикалық бөлімге ұсынылған 10 күрделі жағдайдың ішінен 2 пациент іріктеліп, оларға MAKO жүйесімен тізе буынына эндопротездеу сәтті жүргізілді.

Профессор ҚЖШККА мамандарының кәсіби деңгейін жоғары бағалап, өңірде роботтандырылған ортопедияны дамытуға зор әлеует бар екенін атап өтті.

Аурухананың травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сағит Маханов мұндай кездесулердің маңызын атап өтіп, халықаралық тәжірибе алмасу емдеу сапасын арттырып, заманауи технологияларды енгізуге жол ашатынын айтты.

Мамандардың айтуынша, пациенттер көбіне тізе және жамбас буындарының II-IV дәрежелі артрозымен, сондай-ақ бұрын жасалған отадан кейінгі асқынумен жүгінеді. Ота алдында толық тексеру жүргізіліп, КТ негізінде жеке 3D жоспар жасалады. Ота орта есеппен 1 сағатқа созылады.

Іс-шара Қазақстанда ортопедия саласының дамуына және роботтандырылған хирургияны енгізуге маңызды үлес қосты.