
Алматы қалалық кардиологиялық орталығы мен Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлері күрделі симультанды операция жасап, жас ананың және оның сәбиінің өмірін аман алып қалды. Операция Қалалық кардиологиялық орталық базасында өтті.
1998 жылы туған жүкті әйел 30 сәуір күні ауруханаға ауыр диагнозбен түсті — жүктіліктің 30 аптасында көлемі 5,7 см болатын қолқаның жоғарылайтын бөлігінің аневризмасы анықталған. Науқастың жағдайы шұғыл әрі жоғары тәуекелді медициналық көмекті қажет етті.
4 мамыр күні мультидисциплинарлық мамандар тобы бір мезетте екі күрделі ота жасады: кесар тілігі және қолқаның жоғарылайтын бөлігін супрокоронарлық протездеу. Операцияға акушер-гинекологтар, кардиохирургтар, анестезиолог-реаниматологтар, кардиологтар, неонатологтар, функционалдық диагностика мамандары, перфузиологтар және операциялық мейіргерлер қатысты.
Операция аса жоғары қауіп жағдайында өтіп, бүкіл команданың үйлесімді әрі нақты әрекетін талап етті. Дәрігерлердің кәсібилігінің арқасында ана мен баланың өмірі сақталып қалды. Дүниеге салмағы 1400 грамм қыз бала келді. Қазіргі уақытта анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы, екеуі де ауруханадан шығарылуға дайындалуда.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мұндай жағдайлар заманауи медицинаның жоғары деңгейін, дәрігерлердің кәсібилігін және ең күрделі сәттерде де адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беретін тиімді командалық жұмысты көрсететінін атап өтті.