Алматыда ұрықтың туа біткен ақауларын пренатальды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды

Алматыда ұрықтың туа біткен ақауларын пренатальды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдері талқыланды

Алматы қаласының Қалалық адам ұрпағын өрбіту орталығында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен «Ұрықтың туа біткен ақауларын емдеу және пренаталдық диагностикалаудағы заманауи тәсілдер» атты халықаралық ғылыми практикалық конференция өтті.

Конференция ана мен бала денсаулығын қорғаудың өзекті мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды. Екі күн бойы мамандар тәжірибе алмасып, күрделі клиникалық жағдайларды талдады және ұрықтың туа біткен ақауларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістерін талқылады.

Іс-шараға Қазақстанның түрлі аймақтарынан 120-дан астам маман, сондай-ақ Қырғызстаннан келген қонақтар қатысты. Бұл кәсіби қоғамдастықтың пренатальды медицина мен ультрадыбыстық диагностиканы дамытуға деген жоғары қызығушылығын көрсетті.

Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің жетекші сарапшылары негізгі баяндамаларын жасады. Олардың қатарында «UMC» КҚ скринингтік зерттеулер бағдарламасының жетекшісі, ҚР ДСМ пренатальды ультрадыбыстық диагностика бойынша штаттан тыс бас маманы Жанар Қуанышбайқызы, Санкт-Петербург Ұрық медицинасы орталығының бас дәрігері Екатерина Некрасова, Беларусьтегі «Ана мен бала» РҒПО фетальды хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Максим Белуга, сондай-ақ Алматы қаласы ҚДСБ пренатальды УДЗ бойынша штаттан тыс бас маманы Валентина Занилова бар.

Қатысушылар ультрадыбыстық диагностиканың заманауи стандарттарына, туа біткен даму ақауларын ерте анықтау мәселелеріне және халықаралық тәжірибені клиникалық практикаға енгізуге ерекше назар аударды. Сарапшылардың баяндамалары үлкен қызығушылық тудырып, қатысушылар арасында қызу кәсіби пікірталастарға ұласты.