АПВ-ға қарсы вакцинация — жатыр мойны обырының алдын алудың негізгі жолы

АПВ-ға қарсы вакцинация — жатыр мойны обырының алдын алудың негізгі жолы

Алматы қаласында адам папиллома вирусына (АПВ) қарсы вакцинация бойынша белсенді ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Қаладағы медициналық ұйымдардың қызметкерлері мектептерге барып, қыз балалар мен олардың ата-аналарына жатыр мойны обырының алдын алудың негізгі шарасы ретінде екпенің маңыздылығын түсіндіруде.

№11 Қалалық емхананың акушер-гинекологы Адилям Махамедтің айтуынша, жатыр мойны обыры жағдайларының 97%-ға дейінгі бөлігі АПВ-мен байланысты. Бұл аурудың бастапқы кезеңдері көбіне белгісіз өтетіндіктен, алдын алу және ерте диагностиканың маңызы өте жоғары.

2024 жылдан бастап Қазақстанда жасөспірім қыздарды вакцинациялау бағдарламасы жүзеге асырылуда. 11, 12 және 13 жастағы қыз балалар екпені мектептерде және тіркелген емханаларда тегін алады. Вакцина вирустың ең қауіпті түрлерінен қорғайды және оның қауіпсіздігі мен тиімділігі дәлелденген.

Сонымен қатар 30-дан 74 жасқа дейінгі әйелдерді қамтитын ұлттық скрининг бағдарламасы жұмыс істейді. Бағдарлама ПАП-тест пен АПВ-тестілеуді қамтып, ісік алды өзгерістерді ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді.

2025 жылы Алматы қаласында жатыр мойны обырының 179 жаңа жағдайы тіркелген.

Мамандар вакцинация мен тұрақты скринингті біріктіру ауру қаупін айтарлықтай төмендететінін атап өтеді. Дәрігерлер ата-аналарды вакцинадан бас тартпауға, ал әйелдерді уақтылы тексеруден өтуге шақырады.