АЛМАТЫДА ҚАЛА ХИРУРГТАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

АЛМАТЫДА ҚАЛА ХИРУРГТАРЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ-ПРАКТИКАЛЫҚ ҚОҒАМЫНЫҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Іс-шара қоғам төрағасы, профессор Абылай Баймахановтың төрағалығымен өтті. Жиын басында ол мұндай басқосудың тәжірибе алмасу мен хирургиялық көмекті жетілдірудегі маңызын атап өтіп, Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы ұжымына отырысты өткізуге жағдай жасағаны үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ жиын барысында қазақстандық медицинаның дамуына зор үлес қосқан, ұзақ жылдар денсаулық сақтау саласында еңбек еткен көрнекті дәрігер-ұйымдастырушы Тәжиев Есентай Бөдесұлының дүниеден өтуіне байланысты бір минут үнсіздік жарияланды. Қатысушылар оның ел медицинасының дамуына сіңірген еңбегін құрметпен еске алды.

Отырысқа қаланың жетекші хирургтері қатысып, өзекті клиникалық мәселе мен хирургиялық емдеудің заманауи тәсілдерін талқылады.

Күн тәртібі аясында келесі баяндамалар ұсынылды:
- Аман Беркінбай, ҚЖШККА хирургі: «Жедел аппендициттің деструктивті түрінде лапароскопиялық әдісті қолдану нәтижелері». Баяндамада жедел аппендициттің күрделі түрінде лапароскопиялық отаның қолданылу жиілігі, оның тиімдігі мен қауіпсіздігіне қатысты статистикалық дерек ұсынылып, отадан кейінгі асқынуға клиникалық талдау жасалды.

Баяндамадан кейін сөз алған профессор Сапар Абуов тақырыптың өзектігін атап өтіп, хирургиялық тәжірибеде лапароскопиялық және ашық ота әдістерін салыстыра отырып, олардың артықшылығы мен шектеуіне тоқталды. Ол өз тәжірибесінен мысал келтіріп, асқынудың алдын алу мен дұрыс хирургиялық тактиканы таңдаудың маңызын атап өтті.

- Ақтоты Айтақын, ҚЖШККА хирургі: «Бариатриялық операциялардан кейінгі асқынулар: клиникалық жағдай». Баяндамада семіздікке байланысты жасалатын бариатриялық отадан кейін кездесетін ерте және кеш асқынулар, олардың алдын алу жолдары және пациентті жүргізу тактикасы нақты клиникалық мысал негізінде қарастырылды.

Баяндамадан кейін профессор Шакир Жураев сөз алып, ұсынылған тақырыпқа қатысты өз пікірін білдіріп, клиникалық тәжірибесін бөлісті. Ол бариатриялық хирургиядағы асқынуды басқару мәселелеріне тоқталып, тәжірибелік тұрғыдан маңызды тұстарды атап өтті.

Отырыс қорытындысында қатысушылар пікір алмасып, ұсынылған баяндамалардың ғылыми-практикалық маңызын атап өтті.