
Алматыда Белград университеті медицина факультетінің ассистент-профессоры, медицина ғылымдарының докторы, PhD Марта Бизичтің (Сербия, Университеттік балалар ауруханасы) қатысуымен балалар урологиясы, реконструктивті хирургия және гендерлік сәйкестендіруге бағытталған хирургиялық араласудың өзекті мәселелеріне арналған бес күндік халықаралық шеберлік-сынып өтті.
Білім беру бағдарламасына уролог-дәрігерлер, балалар хирургтары, реконструктивті урологтар, резиденттер, сондай-ақ бейіндік бағыттағы докторанттар мен магистранттар қатысты. Бес күн бойы қатысушылар балалар мен ересектердегі гипоспадияны емдеудің заманауи тәсілдерін, реконструктивті хирургияның қазіргі әдістерін, сондай-ақ гендерлік сәйкестендіруге бағытталған хирургиялық ем және науқастарды жүргізу мәселелерін жан-жақты талқылады.
Бағдарлама аясында практикалық компонентке ерекше мән берілді: дәрістермен қатар клиникалық жағдайды талдау, мамандардың консультациясы және жас дәрігерлер, білім алушылармен тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді.
Іс-шараның бесінші күні (10.04.2026) Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) базасында өтті.
Аталған күні ҚЖШККА алаңында феминизациялаушы және маскулинизациялаушы реконструктивті оталардың заманауи тәсілдеріне, сондай-ақ хирургиялық әдістердің эволюциясына арналған дәрістер оқылды. Сонымен қатар гендерлік сәйкестендіруге бағытталған отадан кейінгі ревизиялық араласу мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
ҚЖШККА мамандары клиникалық талқылауға белсене қатысып, халықаралық сарапшымен тәжірибе алмасып, күнделікті тәжірибеде кездесетін өзекті клиникалық мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіндік алды.
Мұндай халықаралық білім беру іс-шараларын ҚЖШККА базасында өткізу дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруға және медициналық көмектің заманауи тәсілдерін тәжірибеге енгізуге ықпал етеді.
ҚЖШККА халықаралық медициналық қауымдастықпен ынтымақтастықты нығайтып, клиникалық тәжірибеге озық хирургиялық әдістерді енгізу жұмысын жүйелі түрде жалғастырып келеді.