Құтқаруға берілетін 96 сағат: кене шаққанда не істеу керек және Алматыда қайда жүгінуге болады

Құтқаруға берілетін 96 сағат: кене шаққанда не істеу керек және Алматыда қайда жүгінуге болады

Жылы мезгіл басталысымен кене шағу қаупі артады. Кене - кене энцефалиті сияқты қауіпті жұқпаны тарататын жәндік.
№36 қалалық емхананың дәрігер-инфекционисі Қайдарбек Мерей мұндайда уақыттың әр минуты қымбат екенін айтады.

Кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде дәрігерге қаралу қажет. Дәл осы кезеңде кенеге қарсы иммуноглобулин енгізу тиімді, ол аурудың даму қаупін төмендетеді.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сәйкес, шұғыл көмек - кенені алу, иммуноглобулин енгізу - қалалық ауруханалардың жарақат пунктерінде көрсетіледі.

Алмалы және Бостандық аудандарының тұрғындары Жандосов көшесі, 6 мекенжайы бойынша орналасқан Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жүгінеді.
Түрксіб және Жетісу аудандары үшін көмек Папанин көшесі, 220 мекенжайы бойынша №4 қалалық клиникалық ауруханада көрсетіледі.
Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындарын Қалқаман ықшам ауданы, 20 мекенжайындағы №7 қалалық клиникалық аурухана қабылдайды.
Медеу ауданының тұрғындары Қазыбек би көшесі, 96 мекенжайындағы Қадалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жүгінуі керек.

14 жасқа дейінгі балаларға көмек тұрғылықты жеріне қарамастан Манас көшесі, 40 мекенжайындағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығында көрсетіледі.

Егер кене қаладан тыс жерде шақса және бірден дәрігерге бару мүмкін болмаса, алғашқы көмекті дұрыс көрсету маңызды.

Кенені пинцетпен не жіппен теріге барынша жақын жерінен ұстап, асықпай, айналдыра отырып шығару керек. Одан кейін шаққан орынды антисептикпен өңдейді. Мүмкіндік болса, кенені кейін зерттеу үшін ішіне дымқыл мақта салынған таза ыдысқа салып сақтаған жөн. Мамандар кенені алу кезінде май немесе спирт қолдануға кеңес бермейді - бұл инфекцияның қанға өту қаупін арттырады.

Кенені өзіңіз алып тастағанның өзінде дәрігерге қаралуды кешіктіруге болмайды. Қауіп деңгейін тек маман бағалап, қажет болса иммуноглобулин енгізеді.

Алдын алудың ең тиімді жолы - кене энцефалитіне қарсы екпе салдыру. Екпе емханада және жекеменшік медициналық орталықтарда жасалады. Вакциналау 1-3 ай аралығымен екі кезеңнен тұрады, кейін 5 айдан 1 жылға дейін қайта егіледі.
Екпені маусым басталғанға дейін, яғни күзде не қыста алған дұрыс - сонда иммунитет уақытында қалыптасады.

Маңызды: кене шаққаннан кейін жоспарлы вакцина қорғамайды. Мұндай жағдайда шұғыл алдын алу қажет. Дәрігерлер кене шағуын елемей, дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақырады - бұл ауыр асқынудың алдын алады.