Бұл кішкентай қыздың тарихы күрестен басталды — тыныш, бірақ ерекше күшке толы күрес.
Сәби шала туылып, салмағы небәрі 1450 грамм болды. Өмірінің алғашқы күндері тұрақты медициналық бақылау мен қарқынды терапия жағдайында өтті. 56 күн бойы ол Алматы қаласындағы №2 Қалалық перинаталдық орталықтың дәрігерлерінің бақылауында болды:
28 күн — реанимация бөлімінде, онда мамандар оның тыныс алуы мен әрбір грамм салмағы үшін күресті, тағы 28 күн — жаңа туған нәрестелер патологиясы бөлімінде өтті.
Сәби өкпені жасанды желдету және СИПАП респираторлық қолдауынан өтті, біртіндеп өздігінен тыныс алуды, салмақ қосуды, өмір сүруді үйренді. Әрбір жетістіктің артында медицина қызметкерлерінің тынымсыз әрі жанқияр еңбегі тұр — олар күндіз-түні оның өмірі үшін күресті.
Жаңа туған нәрестені аман алып қалуда №2 Қалалық перинаталдық орталықтың директоры Светлана Рахимова мен неонаталдық қызмет бойынша директордың орынбасары Айнурым Сарбас шешуші рөл атқарды. Олар мамандар тобымен бірге сәбидің өмірі үшін үздіксіз күрес жүргізді.
Бүгін бұл оқиға басқаша сипатта өрбіп отыр.
Қыз бала 2100 грамм салмақпен үйіне шығарылды. Ол өздігінен тыныс алады, өздігінен қоректенеді, барлық қажетті тексерулерден өтті — ауытқулар анықталған жоқ. Жағдайы тұрақты, ал алда — болмауы да мүмкін болған қалыпты, бейбіт өмір күтіп тұр.
Алайда бұл оқиғаның артында тағы бір, одан кем түспейтін күрделі тарих жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Алматы қалалық кардиологиялық орталығында дәрігерлер жүктіліктің 30-аптасында ауыр жағдайда түскен 37 жастағы жүкті әйелдің өмірін сақтап қалған болатын.
Оған ең қауіпті жағдайлардың бірі — аортаның қабырғасының ажырау аневризмасы диагнозы қойылды, мұндай жағдайда уақыт минуттармен есептеледі. Жағдайды туа біткен жүрек ақауы — аорталық қақпақшаның критикалық стенозы одан әрі қиындатты.
Құтқару жұмыстарына жедел түрде кардиохирургтар, акушер-гинекологтар, реаниматологтар және неонатологтар тартылды. Жұмыс екі адамның өмірі үшін біртұтас, үйлесімді механизм ретінде жүргізілді.
Операцияны №2 Қалалық перинаталдық орталықтың акушер-гинекологтарымен бірлесіп Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ана мен бала денсаулығын қорғау бөлімінің басшысы Жадыра Ахметова жүргізді.
Алғашқы кезеңде шұғыл кесар тілігі жасалды — дәл сол сәтте бұл сәби дүниеге келді. Босанудан кейін дәрігерлер бірден екінші кезеңге — ананың ашық жүрегіне жасалатын аса күрделі отасына кірісті.
Қалалық кардиологиялық орталықтың директоры Ермагамбет Қуатбаевтың жетекшілігімен кардиохирургтар Bentall–De Bono әдісі бойынша жоғары технологиялық операция жасап, механикалық протез орнатты. Бұл араласу аортаның жарылу қаупін жойып, әйелдің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Бұл күні ана күрделі операциядан толық қалпына келіп, қызымен бірге үйіне шығарылуда.
Бұл оқиға — кардиохирургтар мен неонатологтардың үйлесімді жұмысы, дәрігерлердің кәсібилігі және ең ауыр жағдайларда да жеңіске жететін өмірдің ғажайып күші туралы.