Алғашқы белгілер - түшкіру, көзден жас ағу, жөтел - байқалғанда маманға жүгіну қажет.
Әр жыл сайын маусымдық аллергиядан зардап шегетін алматылықтар саны артып келеді. Сарапшылардың бағалауынша, қазір қалалықтардың 20-40%-ы осы аллергияның симптомдарын сезінеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, аллергия әлемдегі әр төртінші адамның проблемасына айналған. Көктемді жарқын, майлық пен дәрі-дәрмексіз, уайымдамай өткізудің амалы неде? Осы және басқа да сұрақтарға Алматы №1 қалалық клиникалық аурухананың аллергология бөлімшесінің меңгерушісі Айгерім Кулушева жауап берді.
Маусымдық аллергия дегеніміз не, оны қалай емдеуге болады және симптомдарды бақылауға алуға бола ма?
- Маусымдық аллергия - өсімдік, ағаш, шөптің тозаңына сезімталдықтан туындайтын аллергиялық қабыну. Әдетте ол мұрынның бітелуі, түшкіру, мұрын мен көздің қышуы, көзден жас ағу арқылы көрінеді. Кейде құрғақ жөтел қосылады.
Халықаралық хаттамаларға сәйкес ең тиімді ем - антигистаминді препараттар. Сонымен қатар жергілікті ем қолданылады: көз қышыса - көзге арналған тамшы, мұрын бітелгенде - мұрынға арналған спрей. Оның үстіне ұзақ мерзім қолданылатын мембраналық стабилизатор препараттар бар. Ең патогенетикалық, яғни маусымдық аллергияның дамуын тікелей тежейтін әдіс - аллергенге арнайы иммунотерапия.
Қыста, ауада тозаң жоқ кезде, науқас емханадан жолдама алып, өңірлік аллергоорталықта аллергодиагностикадан өтуі керек. Сол жерде дәрігер қандай өсімдіктерге аллергия бар екенін анықтайды және ем курсын тағайындайды. Ем курсы тек қыс айларымен шектелмейді, 5-6 жыл бойы ұсынылған препаратты қабылдау қажет. Препараттың құрамын тек сарапшы науқастың анализдерінің нәтижесіне қарай анықтайды.
Препараттарды маусым басталғанға дейін ме, әлде симптомдар пайда болғанда қабылдаған дұрыс па? Жеңіл аллергия астмаға ауысуы мүмкін бе?
- Симптомдар пайда болғанда мамандарға жүгіну маңызды - аллергологқа немесе ЛОР дәрігеріне. Себебі жергілікті емді ЛОР дәрігері де тағайындай алады. Сондай-ақ офтальмологқа және терапевтке де баруға болады. Дегенмен маман кеңесін алу да өте маңызды. Себебі уақытында емделмеген жағдайда, иммуноспецификалық терапияны тұрақты қолданбау маусымдық аллергияның күрделене түсуіне, бронхалды астмаға айналуына әкелуі мүмкін.
Біздің ауруханаға жас кезінде аллергиясына мән бермеген науқастар түсіп жатады. Тыныс алу қиынға соғып, жедел жәрдем шақырып, стационарға жатқызуға тура келген жағдайлар да орын алып жатады.