Алматыда патронаж қызметін дамыту бойынша ЮНИСЕФ кеңесі өтіп жатыр

Алматыда патронаж қызметін дамыту бойынша ЮНИСЕФ кеңесі өтіп жатыр

Наурыздың 31-і мен сәуірдің 2-сі аралығында Алматыда Еуропа және Орталық Азия бойынша ЮНИСЕФ өңірлік кеңсесінің бастамасымен, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, патронаждық қызмет жүйесін нығайтуға арналған кеңес ұйымдастырылып отыр.

Іс-шараның мақсаты - елдерге негізгі ұсынымды енгізу мен іске асыруды ілгерілетуге қолдау көрсету, сондай-ақ балалар мен отбасыға көрсетілетін медициналық-санитариялық алғашқы көмектің маңызды құрамдас бөлігі ретінде үйде патронаждық қызмет көрсету бағдарламаларын кеңейту.

Кеңеске патронаж қызметін жоспарлау және жүзеге асыруға жауапты 35 маман қатысып жатыр. Олардың қатарында денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері мен Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстандағы ЮНИСЕФ қызметкерлері бар.

Бағдарлама аясында елдегі патронаждық қызмет жүйелері талқыланып, модельдің жетілу деңгейін бағалау (MMA) негізінде өңірлік шолу жасалып отыр. Екінші күні қатысушылар медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін ұйымдар базасында тәсілдердің тәжірибеде қалай жүзеге асырылып жатқанымен танысты.

Кеңес аясында ЮНИСЕФ делегациясы Алматыдағы №36 қалалық емханаға барды. Аталған медициналық ұйым қаланың қарқынды дамып келе жатқан Наурызбай ауданындағы тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Сапарға Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің өкілі Магрипа Ембергенова мен Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының тиісті бөлім басшысы Жадыра Ахметова қатысты.

Емхана директоры Гүлжайнат Тілеген ұйымның жұмысын таныстырып, әмбебап-прогрессивті патронаж үлгісінің енгізілу барысы туралы баяндады. Қатысушылар патронаждық медбикелердің қызметімен, цифрлық шешімдермен және медициналық деректі жүргізу жүйесімен танысты.

Сондай-ақ үйге барып қызмет көрсету кезінде қолданылатын медициналық сөмке, диагностикалық құрал-жабдық пен аспаптар көрсетілді.

Патронаж үлгісі жүкті әйелдерді, жаңа туған нәрестелер мен ерте жастағы балаларды қауіп деңгейіне қарай тұрақты бақылауды көздейді. Бұл өз кезегінде ауытқуды дер кезінде анықтауға, алдын алу шараларын жүргізуге және медициналық көмектің қолжетімдігін арттыруға мүмкіндік береді.

Бұл тәсілдің еліміздегі барлық емханада енгізілгені және ана мен бала денсаулығын қорғау саласында МСАК стандартына айналғаны атап өтілді.

Кеңес қорытындысы халықаралық тәжірибені ескере отырып, медициналық-санитариялық алғашқы көмек жүйесін одан әрі дамытуға ықпал етпекші.