2026 жылғы наурыздың 31-інде Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында «Медициналық технология саласындағы ынтымақтастықты дамыту: Алматы - Тюрингия» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы қазақстандық медициналық ұйымдар мен Еуропадағы жетекші медициналық-технологиялық орталықтардың бірі саналатын Тюрингия өңірі өкілдері арасында кәсіби пікір алмасу алаңына айналды. Кездесуде халықаралық ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе бөлісу және Алматы қаласының денсаулық сақтау саласына озық еуропалық технологияны енгізу мәселелері сөз болды.
Ашылу рәсімінде Алматы клиникалары қауымдастығының президенті, профессор Сауле Нукушева халықаралық байланысты нығайту мен заманауи медициналық шешімдерді енгізудің маңызын атап өтті.
Қауымдастықтың атқарушы директоры Расул Дюсенов шетелдік делегацияны сүйемелдеп, шақырылған спикерлермен өзара іс-қимылды үйлестіруге атсалысты.
Дөңгелек үстел барысында Тюрингия делегациясы өңірдің ғылыми және медициналық әлеуетін таныстырып, университеттермен, ғылыми-зерттеу институттарымен және жоғары технологиялық компаниялармен байланыс орнату мүмкіндігін ұсынды.
Делегация құрамында:
- Штефан Блехшмидт - Тюрингия Экономикалық даму агенттігінің халықаралық байланыстар департаментінің директоры
- Ирина Хесс - Шығыс Еуропа және Орталық Азия елдері бойынша жоба менеджері
- Гузель Шайхуллина - Тюрингияның Орталық Азия елдері бойынша экономика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкілі
- доктор Альфред Ханзель.
Онкологиялық скрининг мәселесіне ерекше назар аударылды. Доктор Альфред Ханзель жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған эпигенетикалық тестерді қолданудың заманауи тәсілдерін таныстырды.
Панельдік пікір алмасу барысында қатысушылар ынтымақтастықтың нақты бағыттарын, неміс серіктестерімен тікелей байланыс орнату жолдарын, сондай-ақ қазақстандық медициналық ұйымдардың Тюрингияға іскерлік сапарын ұйымдастыру мүмкіндіктерін талқылады.
Алматы ҚЖШККА директоры Алмаз Джувашев:
«Мұндай халықаралық бастамаға қатысу - біздің аурухана үшін озық тәжірибені меңгеріп, заманауи технологияны клиникалық тәжірибеге енгізудің маңызды мүмкіндігі. Біз шетелдік әріптестермен тұрақты серіктестік байланыс орнатуға мүдделіміз. Әсіресе, ерте диагностика мен әлеуметтік мәні бар аурулардың алдын алу бағыты аса маңызды. Бүгінгі кездесу нақты бірлескен жобаларға жол ашады деп сенемін», - деді.
Іс-шараның ҚЖШККА-да өтуі аурухананың Алматыдағы жетекші медициналық ұйымның бірі екенін және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысып отырғанын көрсетті.
Кездесу қорытындысында тараптар әріптестікті одан әрі дамытуға және денсаулық сақтау саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ниетті екенін білдірді.