Алматыда аймақтық травматология орталығы құрылмақ

Алматыда аймақтық травматология орталығы құрылмақ


Орталық №4 қалалық клиникалық ауруханада құрылады. Мұнда ауыр жарақат кезінде жедел жәрдем бөліміндегі реанимациядан бастап оңалту кезеңіне дейін емдеудің барлық сатысында мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Жыл сайын №4 ҚКА-да 19 мыңнан астам адам ем қабылдап, шамамен 12 мың ота жасалады. 2025 жылы ірі буынды эндопротездеу бойынша рекордтық көрсеткіш тіркеліп, 2250 ота орындалды. Травматология орталығын құруға дайындық аясында қабылдау бөлімі жаңғыртудан өтті.

Орталық өңірлік деңгейде білім беру, ғылыми-зерттеу және алдын алу бағыттарын қамтып, травматология және ортопедия саласындағы мамандардың біліктілігін арттырумен айналысады.

№4 ҚКА жанынан ашылатын өңірлік травматологиялық орталық елдің оңтүстік өңіріндегі травматологиялық көмектің барлық жүйесін үйлестіріп, оның сапасын арттыруға ықпал етеді.

Аурухана мамандары травматология, ортопедия және комбустиология салаларында шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетуге қатысты денсаулық сақтау саласының нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу және жетілдіру жұмыстарына қатысуға дайын.

Жоғары технологиялық ортопедиялық көмек халық үшін анағұрлым қолжетімді бола түседі.

Орталық Алматы қаласы әкімдігінің, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен құрылды. Оны ашу мәселесі жарақаттану, жедел медициналық жәрдем және медициналық авиация қызметтері жөніндегі үйлестіру кеңесінде қаралды.

Академик Н.Д. Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығы бұл жобаны қолдады. Мамандардың бағалауынша, №4 ҚКА кадрлық әлеуеті, материалдық-техникалық базасы мен көрсетілетін медициналық көмектің деңгейі травматология және ортопедия саласында құзырет орталығын құру талаптарына толық сәйкес келеді.

«№4 аурухана тарихи тұрғыдан травматологиялық бағыттағы клиника болып қалыптасқан. Жақында қабылдау бөлімі жаңғыртылып, аурухана аумағында тікұшақ алаңы салынды. Күрделі және асқынған жарақаттың барлығы бізге түседі. Сондықтан біз жоспарлап отырған өңірлік травматология және ортопедия орталығын құру арқылы тиісті мәртебе мен мүмкіндіктерді қалыптастыруымыз қажет. Сондай-ақ жедел әрі тиімді кеңес беру, диагностикалық, тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсету үшін ахуалдық орталық пен телемедицина орталығын ашу қажеттігі бар. Біз әлемге танымал жетекші мамандарды тарта отырып, жүйелі түрде дамып келеміз. Бұл - аурухана базасында травматология және ортопедия орталығын құру жолындағы ұзақ мерзімді жоспардың бір бөлігі. Басты мақсат - ынтымақтастықты нығайту. Осы орайда бүгін тәжірибе алмасу, ғылыми-тәжірибелік және әдістемелік өзара іс-қимылды дамыту бағытында меморандумға қол қойылды", - дейді Алматы №4 қалалық клиникалық аурухананың директоры Біржан Досмаилов.

Орталықты ашуға дайындық аясында аурухана базасында бірқатар шеберлік сабақтары ұйымдастырылды. 26-27 наурыз аралығында Ресейдегі Р.Р. Вреден атындағы травматология және ортопедия ұлттық медициналық зерттеу орталығының мамандарының қатысуымен ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция бағдарламасында емдеудің заманауи технологиялары талқыланып, клиникалық жағдайлар сараланды, тәжірибе алмасу жүргізілді. Қатысушылар біліктілігін арттырып, травматология мен ортопедиядағы өзекті тәсілдермен танысты.

Спикерлер қатарында орталық директоры, профессор Рашид Тихилов, оның орынбасары Игорь Шубняков және анестезиолог-реаниматолог Махер Моханна болды.

«Конференцияның жұмыс кестесі өте тығыз әрі мазмұнды болды. Біз аурухананы аралап көрдік, материалдық-техникалық жабдықталуы өте жоғары деңгейде екен. Шынын айтқанда, бұл клиникада атқарылған жұмысқа тәнтімін. Біздің сала өте қарқынды дамып келеді, сондықтан өзара байланыс пен тәжірибе алмасусыз дамуды елестету мүмкін емес. Қазақстанның оңтүстігінде өңірлік травматология және ортопедия орталығын құру - уақыт талабы және ортопедияны дамыту тұрғысынан толық негізделген шешім. Клиникалық медицина, ғылым және білім беру бағыттарындағы әріптестігіміз - үлкен ілгері қадам. Травматологиялық қызметтің ерекшелігі әрдайым бірлескен талқылауды, ортақ шешім қабылдауды талап етеді. Мұнда осындай орталықты мемлекеттік қолдаудың арқасында іске асыру мүмкін болды. Оқу орталығы Орталық Азиядағы әріптестер үшін де өзекті әрі сұранысқа ие болады деп сенемін», - дейді Р.Р. Вреден атындағы травматология және ортопедия ұлттық медициналық зерттеу орталығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Ресей травматологтар қауымдастығының вице-президенті Рашид Тихилов.

Қазақстан мен Ресей клиникалары арасындағы көпжылдық ынтымақтастықтың нәтижесінде екіжақты әріптестік туралы меморандумға қол қойылды. Құжат денсаулық сақтау, білім беру және ғылым салаларындағы серіктестікті дамытуға, халықаралық стандарттар мен инновациялық технологияларды енгізуге, сондай-ақ бірлескен ғылыми және білім беру жобаларын жүзеге асыруға бағытталған.