Референдум өтетін күні Алматы қаласының босандыру мекемелерінде жатқан пациенттерге де дауыс беруге мүмкіндік жасалды. Сайлау процесі қаланың перзентханалары мен перинаталдық орталықтарында барлық қажетті рәсімдерді сақтай отырып ұйымдастырылды.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қаланың үш перинаталдық орталығы мен үш перзентханасында дауыс беруге 558 пациент – босанушы және босанған әйел қатысты. Олар осы күні стационарда ем қабылдап, дәрігерлердің бақылауында болған. Пациенттердің медициналық мекемеден шықпай-ақ өздерінің азаматтық құқықтарын жүзеге асыруы үшін барлық жағдай жасалды.
Медицина қызметкерлерінің айтуынша, дауыс беру процесі тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтті. Пациенттер референдумға қатысып, ем қабылдау және босанғаннан кейінгі қалпына келу режимін бұзбай өз таңдауларын білдіре алды.
Осы күні Алматы перзентханаларында басты миссия – жаңа өмірдің дүниеге келуі де жалғасын тапты. 15 наурыз күні сағат 00:00-ден 14:00-ге дейін 44 сәби дүниеге келді: олардың 21-і ұл, 23-і қыз.
Дәрігерлердің айтуынша, жаңа туған нәрестелер мен олардың аналарының жағдайы қанағаттанарлық, олар мамандардың бақылауында.
Осылайша, көптеген отбасылар үшін бұл күн қос қуанышпен есте қалды – ел үшін маңызды дауыс беруге қатысу және сәбидің дүниеге келуі.