Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов Алматы қалалық №8 клиникалық ауруханасының қызметі туралы есепті тыңдады

Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов Алматы қалалық №8 клиникалық ауруханасының қызметі туралы есепті тыңдады

Алматы қалалық №8 клиникалық ауруханасы – 250 орынға арналған тәулік бойы жұмыс істейтін стационар. Мұнда қабылдау бөлімі, хирургия, урология, гинекология және терапия, неврология, қалпына келтіру терапиясы бөлімшелері, сондай-ақ клиникалық-диагностикалық бөлім жұмыс істейді. Сонымен қатар, Алматы қаласының Түрксіб ауданы тұрғындарының бір бөлігін қабылдайтын емхана бар. Негізгі қызмет көрсеткіштерінің барлығы белгіленген талаптарға сәйкес толық көлемде орындалған.

Өткен жылы стационардың қабылдау бөліміне 19 мың адам жүгініп, олардың 8600-ден астамы ауруханаға жатқызылды. Емделген науқастардың басым бөлігін неврологиялық және терапиялық бейіндегі пациенттер құрайды. Сондай-ақ стационарда шұғыл хирургиялық, урологиялық және гинекологиялық білікті көмек көрсетіледі. Қалпына келтіру емі аясында пациенттер екінші және үшінші кезеңдегі оңалтудан өтеді.

№8 клиникалық аурухана жанындағы емхана шамамен 11 мың тіркелген тұрғынға қызмет көрсетеді. Мұнда жалпы тәжірибе дәрігерлерінің 6 учаскесі, 1 педиатриялық және 1 терапиялық учаске жұмыс істейді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі сақтандырылған тіркелген тұрғындардың үлесі 83%-ға дейін өскен. Бұл – ұжымның халықпен жүргізген жұмысының нәтижесі.

Емхана жанынан IV санаттағы күрделілік деңгейі бойынша жедел медициналық көмек көрсететін мобильді бригада ұйымдастырылған, сондай-ақ шұғыл көмек кабинеті жұмыс істейді. Балаларға арналған әмбебап прогрессивті патронаж моделі кабинеті және тоғыз денсаулық мектебі ашылған. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек деңгейінде созылмалы аурулары бар науқастар диспансерлік есепке алынып, жас ерекшеліктеріне қарай профилактикалық тексерулер жүргізіледі. Сонымен қатар артериялық гипертензия, қант диабеті және жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша ауруларды басқару бағдарламасы іске асырылуда.

Аурухананың медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 85%-ды құрайды. Дегенмен, медициналық техниканың едәуір бөлігі моральдық және физикалық тұрғыдан ескірген, себебі ол аурухана жекеменшік болған кезеңнен қалған. Осыған байланысты Марат Пашимов басқарма орынбасарларына №8 клиникалық аурухананы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесін бақылауға алуды тапсырды. Бұл міндет 2026 жылғы басым бағыттардың бірі болуы тиіс екенін басқарма басшысы атап өтті.

Аурухана ғимараттары 1961 жылы салынған. 2021 жылға дейін мекеме жекеменшікте болған. Соның салдарынан ғимараттардың тозу деңгейі 43%-ды құрайды. Алматы қаласы әкімдігінің балансына өткеннен кейін клиника «Алматыны полицентрлік дамыту» бөлімі аясында қаланы дамыту бағдарламасының жол картасына және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді жоспарға енгізілді. Осыған сәйкес нысанның техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, биыл аталған медициналық ұйым қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мен оқыту басым бағыттардың бірі болмақ. Марат Пашимовтың айтуынша, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен 2026 жылы дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері оқуға жіберіледі.