Алматыда денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттары талқыланды

Алматыда денсаулық сақтау саласын дамытудың басым бағыттары талқыланды

Алматы қаласында медициналық ұйымдардың басшыларының қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Жиынды Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов жүргізді. Кездесу барысында денсаулық сақтау жүйесінің негізгі көрсеткіштері қаралып, саланы одан әрі дамытудың бағыттары айқындалды.

2026 жылы медициналық ұйымдардың телемедицина саласындағы қызметі туралы Телемедицина орталығының жетекшісі Шырын Толекова баяндама жасады. Ол телемедициналық технологиялар медициналық көмектің қолжетімділігін айтарлықтай арттырып, пациенттерге мамандардың кеңесін қашықтан алуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кеңесте Алматы қаласының 2026 жылға арналған мейіргер ісін дамыту жөніндегі Жол картасына ерекше назар аударылды. Құжатты Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Жоғары медициналық колледждің директоры Жұмаханхан Молдақұлов таныстырды. Бұл құжат орта медициналық персоналдың кадрлық әлеуетін нығайтуға, кадр тұрақсыздығын азайтуға, еңбек жағдайларын жақсартуға және мейіргерлерді оқыту жүйесін күшейтуге бағытталған.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов орта буын медицина қызметкерлерінің практикалық дайындығын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ ол барлық қалалық стационарлардың базасында медициналық мейіргерлер инъекция жасау және басқа да медициналық манипуляциялар сияқты практикалық дағдыларын пысықтай алатын симуляциялық кабинеттер ұйымдастыруды тапсырды.

Сонымен қатар кеңесте медициналық ұйымдар басшыларының аналитикалық баяндамалары ұсынылды. Атап айтқанда, №4 және №8 Қалалық клиникалық ауруханаларының қызмет нәтижелері қарастырылды.

Өз кезегінде Марат Пашимов медициналық ұйымдардың жұмысының тиімділігін бағалауда пациенттер тарапынан түсетін шағымдар мен өтініштердің азаюы маңызды көрсеткіш екенін тағы да атап өтті. Ол бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, пациенттер тарапынан түсетін шағымдардың артуына жол бермеу қажеттігін айтты.

Кеңес қорытындысы бойынша медициналық көмектің сапасын арттыруға және қаладағы денсаулық сақтау жүйесін дамытуға бағытталған бірқатар шаралар айқындалды.