
Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов Алматы қаласының Қоғамдық кеңесіне 2025 жылғы денсаулық сақтау жүйесінің жұмысы туралы жан-жақты есеп беріп, 2026 жылға арналған негізгі міндеттерді айқындады. Талқылау қорытындысы бойынша есеп қабылданды.
Отырыс барысында кеңес мүшелері стационарларды дәрілік заттармен қамтамасыз ету мәселесін көтерді. Медикаменттер жеткізу «СК-Фармация» компаниясымен өзара іс-қимыл аясында жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатқаны, препараттардың қолжетімділігіне тұрақты мониторинг жүргізілетіні атап өтілді. Сондай-ақ балалар ауруханасының құрылысы мәселесі талқыланды. Басқарма басшысы инфрақұрылымдық жобалар бюджеттік мүмкіндіктерді ескере отырып кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын, барлық нысандарды бір мезетте салу мүмкін еместігін жеткізді.
Сонымен қатар қалада бірқатар маңызды жобалар іске асырылды. Халықаралық стандарттарға сай, тәулігіне 500 пациентке дейін қабылдауға арналған Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының жансақтау бөлімшесі мен заманауи операциялық блогы бар қабылдау бөлімінің жаңа корпусының құрылысы аяқталды. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту аясында жаңа ПМСК орталықтары салынды, Құрамыс шағынауданында 500 келушіге арналған емхананың құрылысы жалғасуда, оны 2026 жылғы тамызда аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ қаланың түрлі аудандарында бірқатар емханалар мен жедел медициналық жәрдем қосалқы станцияларын салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Бекітілген жоспарға сәйкес 2030 жылға дейін Алматыда 32 жаңа медициналық нысан салу және 14 қолданыстағы нысанды жаңғырту көзделген. Денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасуда және әкімдік тарапынан тұрақты бақылауда.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Алматыда бірқатар негізгі көрсеткіштер бойынша оң динамика тіркелді. Ана өлімі екі есеге жуық төмендеп, 2024 жылғы екі жағдайдан 2025 жылы бір жағдайға дейін азайды. Нәресте өлімі 13,1%-ға қысқарып, 1000 тірі туғанға шаққанда 4,85-ті құрады, бұл республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітім 8,5%-ға, оның ішінде жедел миокард инфарктінен 6,8%-ға төмендеді, бұл тромболитикалық терапияны уақытылы қолданудың арқасында мүмкін болды. Туберкулезден болатын өлім-жітім 22,2%-ға азайды.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің алқа отырысының қорытындысы бойынша Алматы қаласы саланы дамытудың негізгі ұлттық индикаторлары бойынша бірінші орынды иеленді. Бағалау 21 көрсеткіш бойынша жүргізілді.
Жоғары технологиялық медицинаны дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қалада 59 түрлі жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіледі, бұл өткен жылмен салыстырғанда төртеуіне көп. Қалалық деңгейде алғаш рет жүрек трансплантациясы жасалды. Роботтандырылған технологиялар мен жасанды интеллект негізіндегі шешімдерді қолдану аясы кеңейіп келеді.
Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесінде 35 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде 8 мыңнан астам дәрігер еңбек етеді. Кадр тапшылығын азайту мақсатында жергілікті бюджеттен жыл сайын мамандарды оқытуға және біліктілігін арттыруға қаражат бөлінеді.
Есепті қарау қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес көрсеткіштердің оң динамикасын және мегаполис денсаулық сақтау жүйесін дамыту бағытындағы жүйелі жұмысты атап өтті.