Дәрігер БЦЖ екпесін перзентханада алудың неліктен маңызды екенін түсіндірді

Дәрігер БЦЖ екпесін перзентханада алудың неліктен маңызды екенін түсіндірді

Жарық дүние есігін ашқан алғашқы күндерінде салынатын БЦЖ екпесі жаңа туған сәбилерді туберкулездің ауыр түрлерінен қорғаудың ең тиімді жолдарының бірі.

Алматыдағы №1 перзентхананың дәрігер-эпидемиологы Мәдина Туашева екпені кейінге қалдырудың неліктен қауіпті екенін және оның қандай тәуекелдерге әкелуі мүмкін екенін түсіндірді.

Туберкулез әлі күнге дейін эпидемиологиялық маңызын жойған жоқ. Жалпы аурушаңдық деңгейі тұрақты түрде төмендеп келе жатқанына қарамастан, нәресте перзентханадан шыққан сәттен бастап туберкулез микобактериясымен байланысқа түсу қаупіне ұшырайды. Мұндай қауіп қоғамдық орындарда, көлікте, сондай-ақ ересектермен, оның ішінде жақын туыстарымен қарым-қатынас кезінде туындауы мүмкін. Осы жағдайда ерте иммундау — жай ғана рәсім емес, стратегиялық маңызы бар профилактикалық шара.

Қолданыстағы ұлттық хаттамалар мен халықаралық ұсынымдарға сәйкес, қарсы көрсетілім болмаған жағдайда БЦЖ вакцинасы нәрестеге өмірінің 2-4 тәулігінде егіледі. Көпжылдық бақылау ерте вакцинацияның туберкулездің ең ауыр әрі өмірге қауіп төндіретін түрлерінен — туберкулездік менингит пен аурудың жайылған (генерализденген) формаларынан қорғайтынын дәлелдеді.

Бұл ретте «қауіпсіздік терезесін» сақтау аса маңызды, яғни жаңа туған сәби инфекция қоздырғышымен әлі байланысқа түспеген кезеңде екпе салынуға тиіс. Егер вакцинация кейінге қалдырылса, жұқтыру қаупі арта түседі. Ал екі айлық жастан кейін БЦЖ екпесін салу үшін баланың жұқпа жұқтырмағанын анықтау мақсатында міндетті түрде туберкулиндік диагностика (Манту сынамасы) жүргізіледі. Бұл қорғаныс қалыптастыру үдерісін күрделендіріп, уақытын ұзартады.

№1 перзентхананың дәрігер-эпидемиологы Мәдина Туашеваның айтуынша, статистикалық деректер ерте иммундаудың тиімділігін айқын көрсетеді.

«Маман ретінде мен күн сайын эпидемиологиялық жағдайды талдаймын және жаңа туған сәбилердің туберкулез инфекциясына аса осал екенін жақсы білемін. Перзентханада жүргізілетін БЦЖ вакцинациясы — екпе күнтізбесіндегі жай ғана белгі емес, аурудың өмірге қауіп төндіретін ауыр түрлерінің алдын алудың нақты жолы. Екпені кейінге қалдыру арқылы ата-аналар баланы инфекциямен байланыс қаупі бар кезеңде қорғаныссыз қалдырады. Уақытылы иммундау — сәбидің денсаулығы үшін қабылданатын жауапты шешім», — деді дәрігер.

Қазақстанда жоғары деңгейде тазартылған, қауіпсіздік көрсеткіші қолайлы жапон өндірісіндегі вакцина қолданылады. Неонаталдық кезеңде қалыптасқан арнайы иммунитет инфекция қоздырғышымен байланыс болған жағдайда аурудың ауыр өту қаупін барынша төмендетуге мүмкіндік береді.