Балаларға арналған міндетті екпелер: алматылық дәрігер вакцинация кестесі жайлы айтты

Балаларға арналған міндетті екпелер: алматылық дәрігер вакцинация кестесі жайлы айтты

Алматыдағы №11 қалалық емхананың педиатры Мөлдір Ибрагимова әрбір бала Қазақстан Республикасының Ұлттық профилактикалық егу күнтізбесіне сәйкес жоспарлы иммундаудан өтуі тиіс екенін еске салды.

Маманның айтуынша, вакцинация балаларды қауіпті жұқпалы аурулардан қорғайды. Олардың қатарында А және В вирустық гепатиттері, b типті гемофильді инфекция, полиомиелит, туберкулез, дифтерия, сіреспе, көкжөтел, пневмококк инфекциясы, қызылша, қызамық және эпидемиялық паротит бар.

Иммундау нәресте дүниеге келген сәттен басталады. Туғаннан кейін сәбиге туберкулезге қарсы (БЦЖ) және В гепатитіне қарсы вакцина егіледі.  

Бұдан әрі вакцинация келесі кесте бойынша жүргізіледі:

* 2 ай — АКДС (1-доза, Гексаксим) және пневмококк инфекциясына қарсы вакцина (Превенар);
* 3 ай — АКДС (2-доза, Пентаксим);
* 4 ай — АКДС (3-доза, Гексаксим) және Превенар;
* 12 ай — ҚПҚ вакцинасы (қызылша, паротит, қызамық), Превенар және ОПВ (полиомиелитке қарсы);
* 18 ай — АКДС (4-доза, Пентаксим);
* 2 жас — А гепатитіне қарсы вакцина (1-доза), 6 айдан кейін ревакцинация;
* 6 жас — ҚПҚ және АКДС ревакцинациясы;
* 3-6 жас аралығы — жыл сайын Манту сынамасы;
* 11 жас және 11 жас 6 ай — адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинация;
* 16 жас — дифтерия мен сіреспеге қарсы вакцина (АДС-м), кейін әр 10 жыл сайын ревакцинация жүргізіледі.

Мөлдір Ибрагимова екпелер ауыр инфекциялық аурулардың алдын алатынын атап өтті. Мұндай аурулар кей жағдайда күрделі асқынуларға, мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін.

«Вакцинация — қауіпті инфекциялардың алдын алудың ең тиімді жолы. Ата-аналар барлық міндетті екпеніңң бала мемлекеттік немесе жекеменшік медициналық ұйымға тіркелгеніне қарамастан тегін жүргізілетінін білуі керек», — деді дәрігер.

Уақытылы жасалған вакцинация баланың денсаулығын сенімді қорғайды.