
2026 жылдың басынан бері Қазақстанда қызылшаның 1950-ден астам жағдайы тіркелді. Ауру көрсеткіші әлі де өсіп келеді, науқастардың басым бөлігін балалар құрайды. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, олардың көпшілігі қызылшаға қарсы екпе алмаған.
Статистика вакцинацияның болмауы мен жұқтыру қаупі арасындағы тікелей байланысты көрсетіп отыр. Ауырғандардың шамамен 79 пайызы вакцинаның бірде-бір дозасын алмаған. Тағы 18 пайызы тек бір рет егілген, ал небәрі 3 пайызы екі дозадан тұратын толық вакцинация курсынан өткен. Дәрігерлердің айтуынша, ұжымдық иммунитет деңгейінің төмендеуі инфекцияның жылдам таралуына себеп болған.
Балалардың қорғанышсыз қалу себептерінің ішінде ата-аналардың саналы түрде екпеден бас тартуы алдыңғы орында – мұндай жағдайлар 59 пайызды құрайды. Ал 27 пайызы – жоспарлы вакцинация жасына әлі жетпеген сәбилер, 14 пайызы – уақытша медициналық қарсы көрсетілімі бар балалар.
Алматы қаласындағы №1 перзентхананың дәрігер-эпидемиологы Туашева Мадина Санатқызының айтуынша, соңғы жылдары елде қызылша вирусына қарсы иммунитеті жоқ адамдар саны шамадан тыс көбейген. Ауырғандардың шамамен 92 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Ең осал топ – бір жастан төрт жасқа дейінгі бүлдіршіндер. Тіркелген жағдайлардың 75 пайызына жуығы осы жас санатына тиесілі.
Қазіргі уақытта, еліміз бойынша қосымша иммундау шаралары жүргізілуде. Ерекше назар ерте жастағы балаларға аударылған. Дәрігерлер 6 айдан 11 айға дейінгі сәбилерге «нөлдік доза» деп аталатын екпені ұсынуда. Бұл баланы бір жасында салынатын жоспарлы вакцинаға дейінгі ең қауіпті кезеңде қорғауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 18 жасқа дейінгі балалар мен медицина қызметкерлерінің вакцинация мәртебесі қайта қаралуда. Егер екпе салынбаған немесе ол туралы мәлімет сақталмаған болса, мамандар мүмкіндігінше тезірек иммундаудан өтуді ұсынады.
Қызылшаның қауіптілігі – бастапқы кезеңде оны ауыр жіті респираторлық вирустық инфекциямен шатастыруға болады. Ауру дене қызуының 39–40 градусқа дейін көтерілуінен басталады, қатты жөтел, мұрыннан су ағу байқалады, көз қызарып, жарыққа сезімталдық пайда болады. Алайда қызылшаға тән ерекше белгі бар: бөртпе шығардан бір-екі күн бұрын ұрттың ішкі бетінде ұсақ, ақшыл дақтар пайда болуы мүмкін. Кейін бөртпе кезең-кезеңімен таралады: алдымен бетте және құлақтың артында шығып, одан соң денеге, ең соңында қол мен аяққа жайылады.
Қызылшаға күдік туған жағдайда дәрігерлер баланы өз бетінше емханаға апармауға кеңес береді. Бұл өзге балалар мен ересектерге инфекция жұқтыру қаупін арттырады. Дұрыс шешім – дәрігерді үйге шақыру.
«Қызылша – зиянсыз “балалар инфекциясы” емес. Ол ауыр пневмонияға, мидың қабынуына және денсаулыққа елеулі, кей жағдайда қайтымсыз салдарға әкелуі мүмкін. Сенімді қорғаныс – вакцинация. Қызылша, қызамық және паротитке қарсы біріктірілген вакцина ондаған жылдар бойы қолданылып келеді, оның қауіпсіздігі көпжылдық тәжірибемен дәлелденген. Қазақстанда бұл екпе барлық емханаларда тегін жүргізіледі», – дейді Алматы қаласындағы №1 перзентхананың дәрігер-эпидемиологы Мадина Туашева.
Мамандар ата-аналарға баланың вакцинация мәртебесін eGov қосымшасы арқылы тексеруді немесе учаскелік педиатрдан нақтылауды ұсынады. Аурушаңдық артып тұрған кезеңде бұл мәселені кейінге қалдыруға болмайды. Уақтылы салынған екпе – балаларды қауіпті инфекциядан қорғаудың ең тиімді жолы.