АУЫРСЫНУСЫЗ ЖАҢА ӨМІР: АЛМАТЫДА ПАЦИЕНТКЕ ЖҰЛЫН НЕЙРОСТИМУЛЯТОРЫ ОРНАТЫЛДЫ

АУЫРСЫНУСЫЗ ЖАҢА ӨМІР: АЛМАТЫДА ПАЦИЕНТКЕ ЖҰЛЫН НЕЙРОСТИМУЛЯТОРЫ ОРНАТЫЛДЫ

Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасында алғаш рет айқын созылмалы ауырсыну синдромы бар пациентке жұлын нейростимуляторы имплантацияланды.

Пациент стационарға бірнеше жыл бойы сақталған, өмір сапасын айтарлықтай төмендеткен төменгі аяқтардағы қарқынды созылмалы ауырсынумен түсті. Үш жыл бұрын ер адам VI–VII кеуде омыртқалары деңгейінде ауыр омыртқа-жұлын жарақатын алған. Бірнеше хирургиялық араласудан кейін оған транспедикулярлық фиксация жүйесі орнатылған. Алайда уақыт өте келе пациентте дәрі-дәрмекпен емдеуге көнбейтін тұрақты нейропатиялық ауырсыну қалыптасты.

Аурудың үдеуімен ауырсыну синдромы күшейіп, аяқтарда, кеуде тұсында және жамбас аймағында ауырсыну пайда болған. Сонымен қатар ұйқысы, қозғалысы және эмоционалдық жағдайы бұзылып, пациентке антидепрессанттар тағайындау қажеттілігі туындаған.

Созылмалы ауырсынуды азайту мақсатында мамандар жұлын нейростимуляторын имплантациялау операциясын жүргізді.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Марат Алматовтың айтуынша, электродтар жоғары деңгейде — жұлынның VI–VII мойын және I–II кеуде сегменттері проекциясына орнатылған. Құрылғы ауырсыну сигналдарының өтуін бөгейтін бақыланатын электр импульстарын беріп, ауырсыну сезімін едәуір азайтуға немесе толық жоюға мүмкіндік береді.

Жұлын нейростимуляциясы әдісі әлемдік медициналық тәжірибеде созылмалы посттравматикалық ауырсынулар, операциядан кейінгі асқынулар, сондай-ақ омыртқа мен аяқ-қолдардың ауырсыну синдромдары кезінде кеңінен қолданылады.

Бұған дейін мұндай операциялар негізінен республикалық мамандандырылған орталықтарда ғана жүргізілетін.

Қазіргі таңда жоғары технологиялық медициналық көмек Алматы қаласының Орталық қалалық клиникалық ауруханасы сияқты қалалық стационарларда да қолжетімді бола бастады.

Жұлын нейростимуляторын имплантациялау жоғары технологиялық медициналық көмек түріне жатады және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында жүргізіледі.