
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) 1953 жылы туған пациент шұғыл жеткізілді. Ол іштің қатты ауыратынын, жүрегі айнып, бірнеше рет құсқанын, іші кеуіп, әлсіздік күшейгенін айтқан.
Анықталғандай, бұл белгілер науқасты екі ай бойы мазалаған. Эпигастрий тұсында толғақ тәрізді ауырсыну пайда болып, арқаға тараған. Осы уақыт ішінде пациент шамамен 10 келі салмақ тастаған. Ауруханаға түсерден бір күн бұрын жағдайы күрт нашарлап, ауырсыну үдей түскен, құсу жиілеген, әлсіздігі артқан. Науқас шұғыл түрде стационарға жатқызылды.
Тексеру нәтижесінде «ішек өтімсіздігімен асқынған көлденең жиек ішектің инвагинациясы» деген диагноз қойылды.
Инвагинация - ішектің бір бөлігінің екінші бөлігінің ішіне еніп кетуі. Соның салдарынан ішек ішіндегінің жүруі бұзылып, тіндердің қан айналымы нашарлайды. Ересектерде бұл сырқат сирек кездеседі. Балаларға қарағанда, ересек адамдарда ол көбіне ісік үдерісімен байланысты болады.
Пациентке шұғыл түрде лапаротомия жасалып, құрсақ қуысы ағзалары тексерілді, жабысқақтар ажыратылды, көлденең жиек ішектің зақымданған бөлігі алынды. «Ұшынан-ұшына» тәсілімен колоанастомоз салынып, құрсақ қуысы тазартылып, білте қойылды.
Ота кезінде инвагинация мен ішек өтімсіздігіне себеп болған көлденең жиек ішектегі ісік анықталды. Зақымданған бөлік көзге сау көрінетін тіндер шегінде алынып, ішектің тұтастығы қалпына келтірілді.
Мұндай жағдайда хирургиялық ем - жалғыз тиімді тәсіл. Ол бір мезетте ішек өтімсіздігін жойып, аурудың негізгі себебін алып тастауға мүмкіндік береді.
Ота 3 сағат 10 минутқа созылды.
Ота жасаған топ: хирург - Нурхат Есенбеков, ассистент - Диас Мырзаш, анестезиолог - Қуаныш Шишабай.
Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Зертханалық көрсеткіштер жақсарды. Пациент қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
«Ересек адамдарда ішек инвагинациясы әрдайым онкологиялық сақтықты қажет етеді. Ішек өтімсіздігінің астарында жиі ісік болады. Сондықтан біз тек жедел жағдайды жоюмен шектелмей, оның түпкі себебін толық алып тастауға ұмтыламыз. Шұғыл хирургияда уақыт пен дәлдік шешуші рөл атқарады. Команданың үйлесімді жұмысы - жақсы нәтиженің кепілі», - деп түсіндірді ота жасау бөлімінің меңгерушісі Нурхат Есенбеков.