Бір күнде 60 донор: кардиоорталықта ауқымды қан тапсыру акциясы өтті

Бір күнде 60 донор: кардиоорталықта ауқымды қан тапсыру акциясы өтті


Алматы қалалық кардиологиялық орталығында Республикалық қан орталығымен бірлесіп ауқымды Донор күні ұйымдастырылды.

Акция Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі бастамашы болған «Донор бол және үміт сыйла» республикалық эстафетасы аясында өтті.
Орталық ерікті донорлық мәдениетін дамытуға бағытталған жалпыұлттық бастаманы қолдап, донорлық қозғалыс эстафетасын қабылдады.

Іс-шара орталық қызметкерлерін, серіктес ұйымдардың өкілдерін, Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлерін және бейжай қарамайтын қала тұрғындарын біріктірді.

Донорлық қозғалысқа орталықтың дәрігерлері мен медицина қызметкерлерінің өздері қосылғаны ерекше мәнге ие болды. Күн сайын операциялық және реанимация бөлімдерінде пациенттердің өмірін сақтап жүрген мамандар бұл күні донор ретінде де көмек көрсетіп, жеке үлгісімен акцияны қолдап, қан қорын толықтырды.

Іс-шара ауқымы жағынан бұрын-соңды болмаған деңгейде өтті: бұған дейін орталық базасында көшпелі донорлық акциялар өткізілмеген. Бұл күні 95 адам қатысып, міндетті медициналық тексеруден кейін олардың 60-ы қан тапсыруға жіберілді. Донорлар саны бойынша бұл Алматыдағы осындай корпоративтік бастамалардың ең жоғары көрсеткіштерінің бірі болды.

«Біз донорлық қан мен оның компоненттерінің негізгі тұтынушыларының біріміз. Біздің пациенттер үшін әрбір донация – өмірге берілген нақты мүмкіндік. Сол мүмкіндікті бірге сыйлайық», – деп атап өтті орталық директоры Ермағамбет Қуатбаев.

Донор күні барысында 27 мың миллилитр (27 литр) донорлық қан және оның компоненттері дайындалды. Бұл көлем орталық пациенттерін өмірлік маңызды трансфузиялармен қамтамасыз етіп, ауыр хәлдегі ондаған адамға көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Орталық күн сайын инфаркт алған, ауыр жүрек-қан тамыр ауруларымен және операциядан кейінгі асқынулармен түскен пациенттерге жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді. Бұл донорлық қанға тұрақты қажеттілікті және оның қорын үнемі толықтырып отыруды талап етеді.

Дәрігерлер еске салады: бір рет қан тапсыру бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Донорлық қан операциядан кейін, инфаркт, жарақат және басқа да ауыр жағдайдағы пациенттерге күн сайын қажет. Қан тапсырар алдында әрбір қатысушы тегін медициналық тексеруден өтіп, кеңес алады.