
Алматы қалалық балаларды оңалту орталығында ерекше қажеттілігі бар балалардың ата-анасына арналған «Smart Mental» саналы ойлау мектебі ашылды.
Бағдарлама ата-аналарға балалардың даму және мінез-құлық ерекшелігін жақсы түсінуге, күнделікті міндетті орындауға және оңалтуға қатысуға көмектеседі. Сабақты педагогтар, психологтер және логопед-дефектологтер жүргізеді. Ата-аналар балалардағы психо-сөйлеу дамуының кешігуі, аутизм спектрінің бұзылуы, Даун синдромы және зияткерлік бұзылыстары бар балалармен қарым-қатынас жасау, оқыту және күтім көрсету бойынша тәжірибелік білім мен дағдыны меңгереді.
Курс соңында тыңдаушыларға куәлік табысталады. Орталық мамандары бұл формат отбасы мен мамандардың өзара іс-қимылын күшейтіп, оңалтудың тиімділігін арттыратынын атап өтеді.
Орталыққа жолдаманы тіркелген емханадан МӘМС аясында тегін алуға болады.