Алматы қаласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша эпидемиологиялық жағдайды талдау және денсаулық сақтау жүйесін дамытудың басым бағыттарын айқындауға арналған кеңес өтті. Кеңеске қаладағы медициналық ұйымдардың өкілдері қатысып, жиынға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов төрағалық етті.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің өкілі Асель Қалыкова қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдай және қабылданған алдын алу шаралары туралы баяндама жасады. Баяндамада сырқаттанушылық көрсеткіштері, вакцинациямен қамту деңгейі және жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстар жөніндегі деректер ұсынылды.
Алматы қаласында 2025 жылдың қорытындысы бойынша қан айналымы жүйесі ауруларының жағдайы мен динамикасы туралы Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс кардиологы Аргуль Разбекова хабарлама жасады. Кардиологиялық қызметтің негізгі көрсеткіштері, үрдістері және алдағы жұмыстың басым бағыттары атап өтілді.
Кардиологиялық қызмет құрылымындағы созылмалы жүрек жеткіліксіздігі (СЖЖ) кабинеттерін ұйымдастыру және дамыту мәселелерін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының СЖЖ бойынша үйлестірушісі Гүлнұр Акилбекова таныстырды. Баяндамасында алғашқы медициналық-санитариялық көмектің рөлі мен пәнаралық тәсілге ерекше назар аударылды.
Алматы тұрғындары арасында МӘМС бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы телемедицина орталығының басшысы Шырын Толекова баяндама жасап, негізгі коммуникация арналары мен ағартушылық қызметтің нәтижелерін атап өтті.
Кеңес қорытындысы бойынша профилактиканы күшейтуге, вакцинациямен қамтуды арттыруға және қала халқы арасында жүрек-қантамыр ауруларының ауыртпалығын төмендетуге бағытталған одан арғы шаралар айқындалды.