ҚОҒАМДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ЖӘНЕ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ

ҚОҒАМДЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК ЖӘНЕ ДӘРІ-ДӘРМЕКПЕН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ БОЙЫНША АЗАМАТТАРДЫ ҚАБЫЛДАУ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаева Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовпен бірлесіп азаматтарды қабылдап, қабылдау барысында медициналық көмектің сапасына, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және денсаулық сақтау саласындағы бастамаларға қатысты өтініштерді қарады.

Өтініштердің бірі ауруханалардың біріндегі медициналық қызметкерлердің қарым-қатынас этикасына және бейіндік бөлімшенің жұмысын ұйымдастыруға қатысты болды. Осы мәселе бойынша медициналық ұйым әкімшілігі мен тиісті бейінді мамандардың қатысуымен қызметтік тексеру жүргізу, сондай-ақ фактілер расталған жағдайда тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ қант диабетімен ауыратын науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Өтініш білдірушілерге дәрілік заттардың тізбесі бекітілген клиникалық хаттамалар мен бейінді комиссиялардың шешімдері негізінде қалыптастырылатыны түсіндірілді. Дәрілік препараттарды тізбеге енгізу және сатып алу мәселелері бойынша өтініштерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге жауапты уәкілетті құрылымдарға жолдауға болатыны атап өтілді.
Қабылдау барысында диагностикалық және профилактикалық іс-шараларды өткізуге қатысты халықаралық ынтымақтастық саласындағы бастамалар да қаралды. Түскен ұсыныстарды медициналық негізділігі мен қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігін бағалай отырып, белгіленген тәртіппен зерделеу тапсырылды.
Ғылыми және клиникалық дәлелдемесі жоқ жекелеген өтініштер бойынша денсаулық сақтау жүйесінде тек дәлелді медицина қағидаттарына негізделген әдістер ғана қолданылатыны түсіндірілді.

Қабылдау қорытындысы бойынша халықпен кері байланыстың маңыздылығы атап өтіліп, барлық өтініштер тиісті құрылымдардың бақылауына алынды.