Марат Пашимов Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасын одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады

Марат Пашимов Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасын одан әрі дамытудың басым бағыттарын айқындады

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов медициналық ұйымның 2025 жылғы қызметі туралы есепті тыңдап, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттерді белгіледі.

Аурухана директоры Алмаз Джувашев клиникалық, ұйымдастырушылық және қаржылық қызметтің қорытындысын таныстырды. 2025 жылы қабылдау бөліміне 69 710 пациент жүгінген, 16 348 адам стационарда ем қабылдаған, 9 195 ота жасалған (өсім - 3,1%). Хирургиялық белсендік 77 пайызды құрады, ал отадан кейінгі өлім-жітім көрсеткіші 0,74 пайызға дейін төмендеді.

Өткен жылы аурухана жоғары технологиялық медициналық жабдықпен толық қамтамасыз етілді. UMR580 магниттік-резонанстық томографы, StealthStation S8 навигациялық жүйесі, нейромониторинг жүйесі сатып алынды, нейрохирургия мен ортопедияда заманауи технологиялар енгізілді. Жоғары технологиялық медициналық көмек аясында 155 ота жасалды. Кадрлық әлеуетті ескере отырып, бұл бағыттағы қызмет көлемін арттыру міндеті қойылды.

Марат Пашимов аурухана 100 пайыз медициналық техникамен қамтылып, барлық стандартқа толық сай болуы тиіс екенін атап өтті. 2026 жылы күрделі жөндеу жұмысын бастау, сондай-ақ ауруханаға ҰОС ардагерлеріне арналған емхана корпусының берілуі, емхананың Әйтеке би көшесіндегі жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін босайтын нысанды қайта жаңғырту есебінен аурухананың аумағын кеңейту жоспарланып отыр.

Басым бағыттар қатарында:
- дәрігерлер мен медбикелердің біліктілігін арттыру, басшылық құрамды Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығында оқыту;
- ұжымды қолдау және ынталандыру, соның ішінде шетелдік тағылымдаманы дамыту;
- қызметкерлер үшін еңбекақыны саралап төлеу жүйесін енгізу;
- ақпараттық жүйелерді дамыту және МСАК қызметімен өзара ықпалдастықты күшейту бар.

Жиында ҚЖШККА - қаладағы ең көне клиниканың бірі екені атап өтіліп, оның денсаулық сақтау саласының «бет-бейнесі» ретінде сапалы әрі уақтылы шұғыл медициналық көмек көрсетуді жалғастыруы қажет екені ерекше атап өтілді.