Алматы қаласының туберкулезге қарсы қызметінің 2025 жылдың 12 айындағы жұмысының қорытындысы бойынша барлық негізгі көрсеткіштері орындалды. Бұл туралы Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас фтизиатры Жанар Сапиева ҚДСБ басшысы Марат Пашимовтың және қаланың медициналық ұйымдары өкілдерінің қатысуымен өткен кезекті жұмыс кеңесінде мәлімдеді.
Алматыда туберкулезбен аурушаңдық пен одан болатын өлім-жітімді төмендету бойынша тұрақты оң динамика тіркелді.
Аурушаңдық 15,9%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға шаққанда 18,0 жағдайды құрады, ал 2024 жылдың сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 21,5 болған.
Балалар арасында да оң өзгерістер байқалады.
*Балалардағы туберкулезбен аурушаңдық 2,2%-ға төмендеп, 100 мың балаға шаққанда 4,4 көрсеткішті құрады*
Туберкулезді емдеудің тиімділігі жоғары деңгейде сақталуда, бұл көрсетілетін медициналық көмектің сапасын және пациенттердің емге деген жоғары бейілділігін айғақтайды.
Емге бейілділікті арттыру мақсатында амбулаториялық кезеңде пациенттерге жергілікті бюджет қаражаты есебінен ай сайын 12 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, қалада жыл сайын «Туберкулез» гранты бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс іске асырылып, оның аясында үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік осал топтағы адамдарға көмек көрсетеді.
Тұрақты нәтижелерге қол жеткізуде Алматы қаласы ҚДСБ-ның Фтизиопульмонология орталығының мониторинг және бағалау бөлімі маңызды рөл атқарады. 2025 жылы 155 мониторинг және 42 қашықтықтан мониторинг жүргізілді.
Сонымен қатар, медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. 2025 жылдың 12 айында қаланың медициналық ұйымдарында жұмыс істейтін 835 медицина қызметкері, оның ішінде дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері оқытудан өтті.
Кешенді тәсіл, күшейтілген бақылау және пациенттерге көрсетілетін әлеуметтік қолдау Алматы қаласына туберкулезбен күресте маңызды нәтижелерге қол жеткізуге және негізгі эпидемиологиялық көрсеткіштердің тұрақты төмендеуін жалғастыруға мүмкіндік берді.
Сондай-ақ кездесу барысында акушерлік-гинекологиялық және педиатриялық көмектің сапасын мониторингтеу және бағалау нәтижелері, сондай-ақ Алматы қаласының БМСК жастар денсаулық орталықтарының қызметі туралы есеп тыңдалды.
Қатысушылар сақтандырылмаған азаматтар мен нозологиялар бойынша медициналық ұйымдар кескініндегі жағдайды талдауға ерекше назар аударды.
Бұдан бөлек, Алматы қаласындағы мемлекеттік емханалардың call-орталықтарының жұмысы, оның ішінде қоңырау шалу қолжетімділігі, кеңес беру сапасы және тұрғындардың өтініштерін жедел өңдеу мәселелері қаралды.