Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасында басқарма басшысы Марат Пашимовтың қатысуымен өткен жұмыс кеңесінде алғашқы медициналық-санитариялық көмекті (АМСК) дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Кеңесте қаладағы АМСК көрсететін 41 медициналық ұйымда кеңейтілген практикадағы мейіргерлердің дербес қабылдауын мониторингтеу нәтижелері қаралды.
Нәтижесінде мейіргерлік қабылдаудың бірыңғай моделін әзірлеу, оқу-әдістемелік орталық құру және кадрларды жүйелі түрде даярлау туралы шешім қабылданды. Екі апта ішінде кеңейтілген практикадағы мейіргерлерді оқыту кестесін әзірлеу тапсырылды.
Сондай-ақ кеңесте медициналық кадрлармен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды — 1 сәуірге дейін медициналық ұйымдарды қажетті мамандармен толықтыру тапсырылды.
Сонымен қатар балаларға стоматологиялық көмек көрсетуді дамыту мәселесі қаралды.
Қала мектептерінде білім басқармасымен бірлесіп, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің талаптарына сәйкес балалар стоматологиялық кабинеттерін жабдықтау қажеттілігі атап өтілді.