Қант түсті, көңіл көтерілді: №7 ауруханада кәсіби басқару мен командалық жұмыс жақсы жолға қойылған

Қант түсті, көңіл көтерілді: №7 ауруханада кәсіби басқару мен командалық жұмыс жақсы жолға қойылған

Адам баласы ауырғанда, әсіресе дерті асқынып, хәл әлсіреген сәтте дәрігердің бір ауыз сөзі, дер кезінде қабылданған шешімнің өзі үмітке айналады. Осындай сын сағатта Алматы қалалық №7 ауруханасында көргенім – жүйелі жұмыс, кәсіби жауапкершілік және ең бастысы, адамға деген шынайы жанашырлық болды.

Қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, жағдайым алаңдатарлық күйге түскен тұста қабылданған жедел әрі нақты шешімнің нәтижесінде эндокринология бөліміне жатқызылдым. Ем уақыт оздырмай басталды, бақылау үзілген жоқ. Соның арқасында бірнеше күн ішінде көрсеткіштер қалыпқа келіп, көңіл орнына түсті. «Қант түсті, көңіл көтерілді» деуімнің мәні де осында.

Бұл – кездейсоқтық емес, кәсіби басқару мен үйлесімді командалық жұмыстың жемісі. Аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов науқас тағдырына формалды емес, нақты іспен қарайтынын іс жүзінде көрсетті. Жауапты сәтте дер кезінде бағыт беріп, ұжымның бір арнада жұмыс істеуіне жағдай жасауы – басшылыққа тән биік жауапкершіліктің айғағы.

Эндокринология бөлімінің меңгерушісі Апбасова Ұлжан Закировна бөлім жұмысын тиянақты ұйымдастырып, әр науқастың жағдайын назарда ұстайды. Ал менің емдеуші дәрігерім Казарян Светлана Усиковна диагноздан бастап, емнің әр кезеңін байыппен түсіндіріп, сабыр мен сенім сыйлай білді. Дәрігердің кәсібилігімен қатар, адамдық жылы қарым-қатынасы науқастың тез оңалуына тікелей әсер ететіні осы жолы анық сезілді.

Бөлімдегі медбикелер мен санитар қызметкерлердің еңбегі де бөлек айтуға тұрарлық. Түн ұйқысын бөліп, әрбір уколды, әрбір бақылауды жауапкершілікпен атқаратын бұл жандар – аурухананың көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды тірегі. Олардың ұқыптылығы мен мейірімі емнің ажырамас бөлігі екеніне көз жетті.

Қысқасы, №7 қалалық ауруханада кәсіби басқару мен командалық жұмыс қағаз жүзінде емес, нақты нәтижемен көрініс тауып отыр. Мұнда дәрігер мен науқас арасында сенім бар, ал сенім бар жерде сауығу да бар.

Осы ретте барша ақ халатты абзал жандарды келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын! Әр шаңыраққа амандық, өздеріңізге мықты денсаулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін. Жаңа жылда да елдің дертіне дауа болып, халықтың алғысын арқалап жүре беріңіздер!