АЛМАТЫДА РОБОТ КӨМЕГІМЕН БУЫНДАРДЫ ЭНДОПРОТЕЗДЕУГЕ АРНАЛҒАН ОТА ЖАСАЛДЫ

АЛМАТЫДА РОБОТ КӨМЕГІМЕН БУЫНДАРДЫ ЭНДОПРОТЕЗДЕУГЕ АРНАЛҒАН  ОТА ЖАСАЛДЫ

2025 жылғы желтоқсанның 23-24-і аралығында Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана базасында ірі буындарды робот көмегімен эндопротездеу бойынша халықаралық шеберлік-сынып өтті. Шара барысында қазіргі ортопедиядағы ең озық технологияның бірі саналатын «ROSA Knee» хирургиялық жүйесі қолданылды.
Мастер-класс аясында робот-ассистенттің көмегімен тізе буынын толық эндопротездеу бойынша тәжірибелік және көрсетілімдік оталар жасалды. Екі күн ішінде мамандар 8 ота орындап, роботтандырылған хирургияның нақты клиникалық жағдайда жоғары тиімдігі мен дәлдігін көрсетті.

Халықаралық шеберлік-сыныптың лекторы - Австрияның жетекші ортопед-травматологының бірі, Клагенфурт қаласындағы Әулие Елизавета госпиталінің өкілі Оливер Джахани болды. Робот-ассистенттелген отаны қазақстандық жетекші ортопед-травматологтар Манарбек Әубәкіров пен Мейрамбек Жұмағұлов орындады.

Дәрігерлердің айтуынша, робот-ассистентті қолдану сүйекті кесу мен имплантатты орнатуда аса жоғары дәлдікке қол жеткізуге, науқастың жеке анатомиялық ерекшелігін ескеруге мүмкіндік береді. Бұл хирургиялық қателік қаупін төмендетіп, қан жоғалтуды азайтады. Соның нәтижесінде науқас отадан кейінгі алғашқы тәулікте-ақ аяққа тұра бастайды.

«Робот хирургты алмастырмайды, керісінше оның мүмкіндігін кеңейтіп, адам факторын барынша азайту арқылы ота дәлдігін арттырады», - деп атап өтті мастер-класқа қатысушылар.

№4 қалалық клиникалық ауруханадағы эндопротездеу бөлімі 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Осы уақыт ішінде ауруханада жамбас, тізе, иық, шынтақ буындарын алмастыруды қоса алғанда, сондай-ақ ревизиялық эндопротездеуді қамтитын 25 мыңнан астам ота жасалған. Тек осы жылдың өзінде 2200-ден астам ота орындалды.

Халықаралық мастер-кластың өтуі травматология мен ортопедия саласында жоғары технологияны жүйелі түрде енгізудегі маңызды кезеңге айналып, Қазақстанда роботтандырылған хирургияны одан әрі дамытуға берік негіз қалады.