Мен, Алматы қаласының штаттан тыс бас эндокринологы Большакова Светлана Владимировнамын.
Қазір әлеуметтік желіде қант диабеті бар пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге қатысты түрлі материал жарияланып жатыр. Осыған байланысты Алматы қаласы тұрғындарын хабардар етуді жөн көріп отырмын.
Бүгінде Алматы қаласындағы барлық медициналық ұйымда қант диабеті бар пациенттерге арналған дәрілік препарат жеткілікті көлемде бар. Инсулинді қоса алғанда, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде жүйелі іркіліс тіркелген жоқ.
Алғаш рет қант диабеті диагнозы қойылған пациенттер үшін қаладағы медициналық ұйымдар тарапынан қосымша өтінім қалыптастырылып, олар Бірыңғай дистрибьютор - «Фармация» ЖШС-не жолданды.
Сонымен қатар 2025 жылғы қарашаның 20-сында әлеуметтік маңызы бар аурулар, соның ішінде қант диабеті бойынша дәрі-дәрмекпен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында қосымша өтінім жинақталды. Аталған көлем қазір Алматы қаласының медициналық ұйымдарына жеткізіліп жатыр, жеткізу жұмысы осы жылғы желтоқсанның 26-сына дейін аяқталады деп жоспарланып отыр.
Дәрілік препараттарды алу барысында қандай да бір сұрақ немесе қиындық туындаған жағдайда, ең алдымен өзіңіз тіркелген медициналық ұйымдағы пациенттерді қолдау қызметіне жүгінуіңізді сұраймыз.
Пациенттерді қолдау қызметінің байланыс дерегі Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми сайтында жарияланған.
Егер мәселе осы деңгейде шешімін таппаса, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына 1312 нөмірі бойынша тікелей хабарласуыңызды сұраймыз.