Қалалық №10 емханада Денсаулық сақтау саласына қоғамдық сенім комитетінің (ДҚС) мүшелерімен кеңейтілген кездесу өтті.
Жиынның басты тақырыбы – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі және тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) бойынша өзекті мәселелер.
Кездесуге №10 емхананың өкілдері, қоғамдық белсенділер және тұрғындармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлері қатысты. Науқастарды қолдау және ішкі экспертиза бөлімінің басшысы Гүлнар Дүтбаева мен сарапшы Айзада Аманбек МӘМС пен ТМККК жүйесіндегі соңғы өзгерістерді түсіндіріп, олардың пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін маңызын атап өтті.
Баяндамашылар медициналық көмекті қаржыландырудың жаңа тәсілдері, қызмет алу тәртібі, сонымен қатар азаматтар емханаға жүгінгенде жиі кездесетін практикалық мәселелер туралы айтып берді. Медицина қызметкерлері мен пациенттер арасындағы өзара іс-қимыл, халықты уақтылы әрі түсінікті ақпараттандырудың мәселесін талқылады.
Кездесу барысында қатысушылар типтік сұрақтар мен практикалық қиындықтарды талқылады. ДҚС комитетінің мүшелері мен қоғамдық белсенділер медициналық көмектің қолжетімділігі, сақтандыру мәртебесін анықтау және әртүрлі жағдайларда азаматтардың әрекет ету тәртібі бойынша сауалдар қойды.
Жиын ашық және іскерлік форматта өтіп, қатысушылар пікірлерімен бөлісті, тәжірибе алмасты. Қорытындысында мұндай кездесулердің халықтың медициналық және құқықтық сауаттылығын арттыруға, сонымен қатар медицина ұйымдары мен тұрғындар арасындағы байланысты нығайтуға үлкен ықпал ететіні айтылды.