7 аурухана мамандары өңірлік әріптестермен тәжірибе бөлісуді жалғастыруда

7 аурухана мамандары өңірлік әріптестермен тәжірибе бөлісуді жалғастыруда

Кәсіби деңгейі жоғары Алматы қаласының №7 қалалық клиникалық ауруханасының мамандары өз тәжірибелерімен тек мегаполис деңгейінде ғана емес, еліміздің өңірлеріндегі медициналық ұжымдармен де тұрақты түрде бөлісіп келеді. Бұл аймақтағы медициналық қызметтің сапасын арттыруға  және заманауи технологияларды кеңінен енгізуге бағытталған маңызды қадам.

Осы мақсатта аурухана мамандары шеберлік сағаттары аясында өз базасында күрделі және бірегей оталар жасап қана қоймай, өңірлерге арнайы шақыртумен барып, жергілікті дәрігерлермен бірлесіп жұмыс жүргізеді.

Бұл жолы  7 қалалық клиникалық аурухананың интервенциялық аритмолог дәрігері Ергешов Қанат Алдабергенұлы Қызылорда облысы, Қазалы аудандық көп бейінді орталық ауруханасының шақыртуымен арнайы іссапармен барып, облыстық мамандармен бірге жоғары технологиялық жеті аритмологиялық ота жасады.

“Ангиограф аппаратының көмегімен электрокардиостимуляторды имплантациялау, радиожиілік абляциясы және өкпе қан тамырларына криоабляция сияқты күрделі әрі заманауи әдістер қолданылды. Бұл оталар еліміздің аудандық деңгейдегі медициналық ұйымдарында алғаш рет жасалып отырған жоғары мамандандырылған, аз инвазивті хирургиялық араласулардың бірі”, — дейді дәрігер.

Мұндай инновациялық әдістер жүрек ырғағының бұзылыстарын тиімді емдеп қана қоймай, инфаркт, инсульт және басқа да жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл аймақ тұрғындарының өз өңірінде, алысқа жол жүрмей-ақ, жоғары медициналық көмек алуына жол ашады.

Айта кету керек, барлық оталар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жүргізілді.

№7 қалалық клиникалық аурухананың бұл бастамасы дәрігерлердің кәсіби ынтымақтастығын нығайтып, өңірлік медицинаның дамуына елеулі үлес қосатын маңызды тәжірибе алмасу үлгісі бола алады.