Алматыда жоғары технологиялық ортопедияны дамыту жалғасып келеді

Алматыда жоғары технологиялық ортопедияны дамыту жалғасып келеді

Келесі жылы Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында тізе буынын робот-ассистент көмегімен эндопротездеуге арналған жабдық сатып алу жоспарланып отыр. Бұл технологияны кеңінен қолдануға және оны көбірек пациент үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Робот-ассистентпен жасалатын әдістер буынды жартылай, толық және ревизиялық ауыстыруға қолданылады. Протез компоненттерін жоғары дәлдікпен орнату асқыну қауіпін төмендетеді және пациенттердің қалпына келу процесін жеделдетеді.

Осылайша травматология және ортопедия бөлімшесінде бөлім меңгерушісі Сағит Махановтың жетекшілігімен остеоартриттің ауыр түріне шалдыққан пациентке тізе буынын роботтандырылған тәсілмен алмастыру бойынша көрсетілімдік ота жасалды.
Ота алдында компьютерлік томография дерегі негізінде 3D-модель жасалып, соның көмегімен жеке оталық жоспар құрылды. Ол ота барысында робот хирургке белгіленген дәл параметрлерді сақтауға жәрдемдеседі.

Дәрігерлер роботтандырылған ота әдістемесін белсенді меңгеріп жатыр. Бұл жаңа дағдыларды пысықтауға және инновациялық жүйемен жұмыс істеу техникасын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Заманауи технологияны клиникалық тәжірибеге енгізу - Алматыда ортопедиялық көмектің мүмкіндігін кеңейтудің, емдеу сапасын арттырудың және жоғары технологиялық әдістердің қолжетімдігін қамтамасыз етудің маңызды қадамы.