Балалар жүрегін емдеу бойынша қазақстандық мамандардың III конференциясы

Балалар жүрегін емдеу бойынша қазақстандық мамандардың III конференциясы

 

2025 жылғы 23–24 қазан аралығында Алматы қаласында «Балалар кардиохирургиясы мен кардиологиясының шыңдарын бағындыру — медицинаның күрделі жолы»  атты балалар жүрек ауруларын емдеу бойынша қазақстандық мамандардың III конференциясы өтуде. 

Іс-шараға Қазақстанның жетекші балалар кардиохирургтері, кардиологтары, неонатологтары және өзге де сала мамандары, сондай-ақ алыс-жақын шетелден келген қонақтар қатысуда.

Конференция тәжірибе алмасуға, заманауи технологияларды талқылауға және балалар кардиохирургиясы саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.

Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов — қатысушыларға қала әкімдігінің жоғары технологиялық кардиохирургияны дамытуға көрсетіп келе жатқан қолдауын және емдеудің халықаралық стандарттарын енгізудің маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі кардиохирург, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кардиохирургі «Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық» АҚ Басқарма Төрағасы Юрий Пя — өз сөзінде балалар кардиохирургиясын медицинаның басым бағыттарының бірі ретінде дамытудың маңыздылығын, сонымен бірге кішкентай пациенттерге көрсетілетін көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру үшін бірлескен күш-жігердің қажеттігін баса айтты.

Қазақстанда жыл сайын шамамен үш мың бала жүректің туа біткен ақауларымен дүниеге келеді, олардың 350–400-і — Алматы қаласында. Солардың жүзден астамына операция, яғни ота жасау қажет, оның ішінде шамамен 75 жаңа туған нәрестеге өмірінің алғашқы күндерінде хирургиялық көмек қажет болады. Алматыдағы балалар кардиохирургиясы балаларға көрсетілетін шұғыл және жоғары мамандандырылған медициналық көмектің басым бағыттарының бірі ретінде дамып келеді. 2011 жылдан 2024 жылға дейін қалада 2800-ден астам операция жасалды, оның 1677-сі — бір жасқа дейінгі нәрестелер. Қазіргі таңда мамандар Aristotle шкаласы бойынша 15 баллға дейінгі күрделілік дәрежесіндегі операцияларды сәтті орындап, жоғары өміршеңдік және өмір сапасы көрсеткіштеріне қол жеткізуде.

Алматыдағы балалар кардиохирургиясының қазіргі моделі — көпсалалы тәсілге, ерте диагностикаға және жаңа туған сәбилерге қысқа мерзімде операция жасауға дайындыққа негізделген.  Пренаталдық диагностика — яғни, жүрек ақауларын нәресте дүниеге келмей тұрып анықтау және кешенді көмек көрсету жоспарын алдын ала құру — барған сайын маңызды рөл атқаруда.
Мұндай тиімді жүйенің жарқын үлгісі — Алматы қаласының Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығы, ол еліміздегі толық қызмет циклын қамтамасыз ететін диагностикадан бастап операцияға, оңалту мен кейінгі бақылауға дейінгі кезеңдерді қамтитын жалғыз орталық болып табылады. Кадрлық әлеуетті дамытуға ерекше назар аударылуда: мамандар шетелдің жетекші клиникаларында тұрақты түрде оқудан және тағылымдамадан өтіп, халықаралық стандарттар мен заманауи технологияларды енгізуде.

III конференция – білім мен клиникалық тәжірибе алмасудың маңызды кәсіби алаңына айналып, балалардың денсаулығы мен жарқын болашағы жолында Қазақстан мен шетел мамандарын ортақ мақсатта біріктірді.