
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ШЖҚ «№4 қалалық клиникалық аурухана» КМК Республика күніне орай Ашық есік күнін өткізді.
Іс-шараның басты мақсаты - қала тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімдігін арттыру және клиникалық-диагностикалық орталықтың мүмкіндіктері туралы халықтың хабардарлығын нығайту.
Науқан аясында 44 алматылық тегін профилактикалық тексеруден өтіп, клиниканың жетекші дәрігерлерінен кеңес алды. Қатысушыларға денсаулықты нығайту, созылмалы аурудың алдын алу және жарақат пен отадан кейінгі оңалту мәселелері бойынша ұсынымдар берілді.
Келушілер травматология және ортопедия, хирургия, кардиология, терапия, урология, нейрохирургия, физиотерапия және оңалту сияқты негізгі медициналық бағыттар бойынша кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Кеңес беру кабинетінің жұмысына жоғары санатты дәрігерлер, медицина ғылымдарының кандидаттары мен докторлары, сондай-ақ клиникалық базасы №4 ҚКА орналасқан С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушылары қатысты.
«Біздің мақсатымыз - әр алматылықтың медициналық көмектің әрдайым қолжетімді екенін сезінуі. Ашық есік күні - келіп, сұрақ қоюға және кәсіби қолдау алуға мүмкіндік», - дейді іс-шараны ұйымдастыруға жауапты клиникалық-диагностикалық орталықтың меңгерушісі Әбілда Еркебұлан Мұхамедиярұлы.
№4 қалалық клиникалық аурухана алдағы уақытта да аурудың алдын алу және тұрғындардың саулығын нығайтуға бағытталған профилактикалық науқандарды жалғастырмақшы.
№4 ҚКА медициналық ұжымы қолжетімді профилактика - денсаулық кепілі екеніне сенімді.