№1 қалалық клиникалық аурухана жаңа жедел медициналық жәрдем көлігімен толықты

№1 қалалық клиникалық аурухана жаңа жедел медициналық жәрдем көлігімен толықты

Заманауи JAC Sunray маркалы арнайы автокөлік пациенттерді жедел тасымалдауды қамтамасыз етіп, мегаполистің жедел қызмет көрсету мүмкіндігін айтарлықтай арттырмақшы.

Көлікті тапсыру рәсімі жеке инвестордың бастамасымен өтті. Салтанатты шараға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лайла Имангалиева қатысты. Ол инвестор өкіліне басқарма басшысы Марат Пашимовтың атынан алғыс хат табыстап, бұл медициналық көмекті дамытуға қосылған үлкен үлес әрі медицина қауымдастығы мен пациенттер үшін маңызды қолдау екенін атап өтті.

Жаңа техниканың келуі аурухананың арнайы көлікке деген маңызды қажеттігін өтеуге мүмкіндік береді.

Көпбейінді стационарда заманауи жедел жәрдем көлігінің болуы қаланың денсаулық сақтау жүйесінің тиімдігіне және тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасына тікелей әсер етеді.