Алматыда Денсаулық сақтау министріне суицидтің алдын алу жөніндегі бірегей орталық таныстырылды

Алматыда Денсаулық сақтау министріне суицидтің алдын алу жөніндегі бірегей орталық таныстырылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимовтың қатысуымен күрделі жөндеуден кейін мегаполистегі ең заманауи нысандардың біріне айналған №3 қалалық емхананы аралады.

Емхана инновациялар мен цифрлық технологияларды белсенді енгізіп, дәстүрлі тәжірибені жаңа тәсілдермен ұштастырып келеді. Мұнда дәрігерге жазылу және ақпарат алу үшін виртуалды ассистент пен дауыс арқылы жұмыс істейтін жасанды интеллект көмекшісі, «Онлайн-доктор» сервисі арқылы онлайн-консультациялар, денсаулықты өздігінен бақылауға арналған «АББ» чат-боты қолданыста. Сонымен қатар емханада дәрігерлер мен мейірбикелер күн сайын шұғыл көмек көрсету дағдыларын пысықтайтын Симуляциялық орталық, «Қант диабеті мектебі» бар эндокринологиялық орталық және цифрлық мониторинг жүйесі жұмыс істейді. Жаңа зертханалық жабдықтың арқасында диагностика айтарлықтай жеделдеді – егер бұрын кейбір нәтижелерге бір сағатқа дейін уақыт кетсе, қазір небәрі үш минутта дайын болады.
Министрдің ерекше назарын республика бойынша тұңғыш болып құрылған мектеп оқушылары арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі Психологиялық орталық аударды. Ол ЮНИСЕФ-пен серіктестікте ашылып, балалар мен жасөспірімдерді қолдау жүйесіндегі маңызды буынға айналды. Орталық тек дағдарыс жағдайында ғана көмек көрсетіп қоймай, ата-аналар мен ұстаздарды тарта отырып, психикалық денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Сапар барысында сондай-ақ қалалық медицинаның тиімділігін арттыруға бағытталған Almaty Digital Medical Center (ADMC) жобасы мен оның роботтандырылған шешімдері таныстырылды.

Ақмарал Әлназарова №3 қалалық емхана тәжірибесі цифрландыру мен жаңа тәсілдердің халық үшін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын едәуір арттыра алатынын айқын көрсетіп отырғанын атап өтті.