Алматыда қаланың ең атаулы медициналық ұйымдарының бірі — №1 қалалық перзентханасына ауқымды қайта құру жұмыстары жүргізілмек.
1938 жылы салынған бұл ғимарат мегаполистің тарихына әлдеқашан енген. Ондаған жылдар бойы мұнда жүздеген мың алматылық дүниеге келді. Ал көптеген отбасы үшін бұл перзентхана ең ыстық естеліктермен қымбат. Алайда 87 жылдық пайдаланудан кейін ғимарат қазіргі қауіпсіздік пен медицина талаптарына сай болмай қалды.
Алматыға іссапармен келген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова медициналық ұйымды аралап көріп, Марат Пашимов ұсынған жаңа ғимарат құрылысы жобасымен танысты.
Бөгенбай батыр көшесіндегі аумағы 3 мың 347 шаршы метрді құрайтын ескі корпус сүріліп, оның орнына 10 мың шаршы метрден асатын заманауи медициналық кешен салынбақ. Бұл — халықаралық стандарттарға сай жобаланған, жертөле қабаты мен техникалық қабаты бар үшқабатты ғимарат.
Қазіргі уақытта, перзентхана Алмалы және Медеу аудандарының тұрғындарына қызмет көрсетіп отыр.
Жаңа перзентхана 155 төсекке есептелген. Кең әрі заманауи палаталар аналар мен нәрестелердің жайлылығын қамтамасыз етсе, энергия үнемдейтін жабдықтар ғимаратты күтіп ұстау шығынын азайтады.
Қабылдау бөлімінде шұғыл операция жасауға арналған ота бөлмесі қарастырылған. Бұл — уақыт жоғалтпай аналар мен сәбилердің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, ота жасайтын бөлмелер саны екеуден төртеуге дейін көбеймек. Бұл көмектің қолжетімділігін арттырады.
Жаңа корпус пайдалануға берілген соң көрсетілетін медициналық қызмет көлемі жылына 9 мыңнан 11 мыңға дейін өсіп, босану көрсеткіші 5 мыңнан 7 мыңға дейін артады деген болжам жасалып отыр.
Құрылыс кезеңінде перзентхана жұмысын тоқтатпайды. Ондағы барлық бөлімдер уақытша Сейфуллин даңғылындағы «А» блогына көшіріледі.
Сапар соңында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова ұжымды қызметіне деген адалдығы мен еңбектері үшін алғыс білдірді:
«№1 қалалық перзентхана — Алматы үшін ерекше орын. Мұнда жаңа өмір басталады. Біздің міндетіміз — аналар мен сәбилерге заманауи, қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасау», — деді министр.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимов та бұл құрылыс қаланың медициналық инфрақұрылымын жаңартудағы маңызды қадам екенін атап өтті:
«Бұл — жай ғана жаңа ғимарат емес, бұл — келешек ұрпақтың саулығына салынған инвестиция. №1 перзентхана әрқашан әйел мен балаға қамқорлықтың символы болып келді, енді ол екінші өмірге қадам басады», — деді ол.