Орталық қалалық клиникалық ауруханаға 58 жастағы ер адам ауыр қосарланған жарақатпен жедел жеткізілді.
Дәрігерлер ашық бас-ми жарақаты, миының орташа дәрежелі шайқалуы, маңдай сүйегінің маңдай қуысына өтетін сызықтық сынуы, пневмоцефалия, төбе-самай аймағындағы субдуралды гематома, сондай-ақ беттегі көптеген көгерулер мен жарақаттар диагнозын қойды. Бұған қоса, науқаста қабырғалардың жабық сынуы, жамбас сүйектерінің майдаланып сынуы және білезік сүйегінің ашық сынуы анықталды.
Ми шайқалуы мен субдуралды гематомаға байланысты науқасқа бірден ота жасауға мүмкіндік болмады. Мамандар оның жағдайын қатаң бақылауда ұстап, қарқынды терапия жүргізді. Тек тоғызыншы тәулікте, өмірлік көрсеткіштері тұрақталғаннан кейін ғана ота жасалды.
Науқасқа күрделі ота – жамбас сүйектерінің остеосинтезі пластина және бұрандалар арқылы бекіту әдісімен орындалды.
Отаға травматолог-ортопед Даулет Чукманов жетекшілік етті, оған Нуралы Нуржан көмек көрсетті, ал анестезиологиялық қолдауды Алпысбай Жұлдыз қамтамасыз етті.
Отадан кейін екі тәулік өткен соң науқас белсенді қимылдай бастады – ол өздігінен арнайы жүргіншек (ходунок) арқылы қозғала алды.
Мамандардың үйлесімді еңбегінің арқасында науқас сәтті сауығып келеді.