АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ҚДСБ БАСШЫСЫНЫҢ ЖҰМЫС САПАРЫ

30 тамыз күні Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Пашимов қаланың медициналық нысандарын аралап, жұмыс барысымен танысты.

Алғашқы нысан Зерделі шағынауданында орналасқан №23 қалалық емхана жанындағы «Медик» жатақханасы болды. Мұнда медициналық ұйым мамандарына арналған 140 төсек-орынға есептелген 64 пәтер қарастырылған. Басшы медицина қызметкерлерінің тұру жағдайын әрі қарай жетілдіру қажет екенін атап өтті.

Одан кейін Марат Пашимов Ұлжан-1 шағынауданындағы №23 емхана ғимаратының күрделі жөндеу жұмысының барысымен танысты. Мердігерлермен және авторлық қадағалау өкілдерімен кездесу барысында ол жүргізіліп жатқан жұмыстың мерзімді әрі сапалы орындалуының маңызын атап өтті.

Түрксіб ауданында ауысымына 200 келушіге есептелген жаңа отбасылық дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жалғасып жатыр. Мұнда Ерте араласу және даму орталығы, әйелдерге кеңес беру бөлімі, сондай-ақ ересектер мен балаларға арналған оңалту бөлімі ашылады. Амбулатория заманауи диагностикалық жабдықпен, соның ішінде сарапшылық класты УДЗ аппаратымен, рентген құрылғысымен және автоматты интерпретациясы бар ЭКГ-мен жабдықталмақ.

Сондай-ақ жедел медициналық жәрдем қызметінің №3 қосалқы станциясын күрделі жөндеуге ерекше көңіл бөлінді. Жаңартылған ғимаратты жылыту, заманауи инженерлік жүйемен жабдықтау, персоналға арналған жайлы бөлме мен санитарлық автокөлікке арналған жаңғыртылған бокспен қамту қарастырылған. Бұл жедел жәрдем қызметінің жұмыс тиімдігі мен қауіпсіздігін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар басқарма басшысы Қалалық кардиологиялық орталықта болды. Мұнда жекелеген бөлімшелерді жөндеу, жабдықты жаңарту және жаңа ангиограф сатып алу жоспары талқыланды. Сондай-ақ заманауи медициналық технологиямен жұмыс істейтін дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі көтерілді.

Жұмыс сапары Алматыда денсаулық сақтау нысандарын жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатқанын көрсетті.