Алматыда Конституция күні қарсаңында үш медициналық ұйым күрделі жөндеуден кейін қайта ашылды, оның үстіне Қазақстандағы тұңғыш Цифрлық медицина орталығы - Almaty Digital Medical Center (ADMC) іске қосылды.
Іс-шараға Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының м.у.а. Лайла Имангалиева қатысты. Ол №3 қалалық емхана, №18 қалалық емхананың «Таугүл» филиалы және №8 жедел медициналық жәрдем қызметі қосалқы стансасын аралады.
Almaty Digital Medical Center Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мен Қалалық цифрландыру басқармасының әріптестігі аясында құрылды. Орталық ақпараттық-талдау орталығы, 1312 бірыңғай байланыс орталығы, телемедициналық патронаж, телемедицина және жасанды интеллект негізіндегі дауыс көмекшілері сияқты негізгі цифрлық қызметтерді біріктіреді. Оның жұмысы денсаулық сақтау жүйесінің ашықтығы мен тиімдігін арттыруға, күту уақытын қысқартуға және медицина мен халық арасындағы өзара әрекеттестікті жақсартуға бағытталған.
Алмалы және Бостандық аудандарының 70 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсететін №3 қалалық емхана күрделі жөндеуден кейін ашылды. Ғимаратта инженерлік желі, кабинет, холл, санитарлық торап пен күту аймақтары жаңартылды, сондай-ақ саябақ абаттандырылды. Мекеме штатында - 500 қызметкер, соның ішінде 104 дәрігер бар, олардың 40-ы - тар бейінді мамандар.
Симуляциялық орталық та жұмысын күрделі жөндеуден кейін бастады. Мұнда дәрігер, медбике және кіші медициналық персонал шұғыл көмек көрсету мен жүрек-өкпе реанимациясы дағдыларын тегін меңгереді. Орталық заманауи тренажер мен манекендермен жабдықталған, ал мамандар Малайзияда оқудан өтті.
2022 жылдан бастап мұнда республикадағы жалғыз Мектеп оқушылары арасындағы суицидтің алдын алу бойынша психологиялық орталық жұмыс істейді. Ол ЮНИСЕФ-пен серіктестікте қызмет етіп, балалар мен жасөспірімдерге көмек көрсетеді, психикалық денсаулыққа қамқорлық мәдениетін қалыптастырады және дағдарыстық жағдайдың алдын алуда маңызды рөл атқарады.
Сонымен қатар емханада «Damumed» жүйесімен біріктірілген дауыстық робот негізіндегі виртуалды көмекші іске қосылды және заманауи кеңес беру-диагностикалық зертхана жұмыс істейді.
№18 қалалық емхананың «Таугүл» филиалы тәулігіне 100 келушіні қабылдайды және 19 жылдан кейін алғаш рет жаңғыртудан өтті.
Ғимарат жылытылды, қасбеті жаңартылды, заманауи желдету мен қазандық орнатылды, терезе мен есіктер ауыстырылды, инженерлік желі мен жабындар жаңартылды. Аула абаттандырылды. Филиалда заманауи неміс және жапон талдағыштарымен жабдықталған зертхана жұмыс істейді, сондай-ақ екі УДЗ аппараты орнатылған.
№8 қосалқы станса Алатау, Әуезов және Наурызбай аудандарының 200 мыңға жуық тұрғынына қызмет көрсетеді. Мұнда 17 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істеп, 95%-дан астам жағдайда уақтылы жетуді қамтамасыз етеді. Штатта 200-ден астам қызметкер бар.
Күрделі жөндеу 2024 жылы қыркүйекте басталып, 2025 жылы жазда аяқталды.
Ғимарат жылытылып, энергия үнемдейтін терезе мен есіктер орнатылды, жылыту және желдету жүйелері жаңартылды, LED-жарықтандыру енгізілді, өрт дабылы күшейтілді. Автобокс заманауи қақпамен, желдету жүйесімен, энергия үнемдейтін жарықпен және электр қуатына қосылу нүктелерімен жабдықталды.
Жасалған жағдай қызметкерлердің жайлы әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз етіп қана қоймай, шұғыл медициналық көмектің сапасын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді.
Цифрлық медицина орталығының және жаңартылған медициналық ұйымдардың ашылуы Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесін дамытуға маңызды үлес қосты. Бұл жобалар медициналық көмектің сапасы мен қолжетімдігін арттырып қана қоймай, заманауи технологияны енгізудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр. Алда Алматының денсаулық сақтау саласында Қазақстан бойынша көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтатын цифрлық қызметті кеңейту, жаңа жобалар мен стандарттар бар.