Алматы қаласының жергілікті атқарушы органы есебінен резидентураға түскен грант иегерлерінің тізімі жарияланды

Алматы қаласының жергілікті атқарушы органы есебінен резидентураға түскен грант иегерлерінің тізімі жарияланды

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Өңірлерде медициналық кадрлар тапшылығын азайту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы» және Алматы қаласында медициналық кадрлардың тапшылығын азайту бойынша қабылданып жатқан шаралардың шеңберінде 2021 жылдан бастап Алматы қаласының әкімдігі дәрігерлерді, сұранысы жоғары клиникалық мамандықтар бойынша, резидентурада оқытуға жыл сайын қаржы бөліп отыр.
2025 жылы қаламызда, өте тапшы медициналық мамандықтар бойынша, резидентурада ұзақтығы 2-3 жыл оқитын 120 орын бөлініп, жергілікті бюджеттен қаржыландыру көзделген. Ең көп гранттар «Кардиология»-15, «Аллергология және иммунология»-10, «Эндокринология»-10, «Неврология»-10, «Оториноларингология»-10, «Гастроэнтерология»-9, «Акушерия және гинекология» - 8 грант көлемінде салалар бойынша бөлінген.
Ағымдағы жылдың 26 тамызында Алматы қаласы бойынша резиденттерді оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру, бөлу және орналастыру жөніндегі Конкурстық комиссияның отырысы өтті. Конкурс комиссиясының құрамы әкімнің өкімімен бекітіледі және жергілікті атқарушы органның қызметкерлерінен, азаматтық қоғам өкілдерінен тұрады. Комиссия төрағасы - Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қалдыбеков А.Б.
Алматы қаласы әкімдігінің білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін, Жоғарғы оқу орындары, түсу емтиханында ең жоғары балл жинаған талапкерлердің тізімін ұсынады. Биылғы жылы байқауға 231 үміткер қатысты. Байқау комиссиясының шешімімен 120 үміткер Алматы қаласы әкімдігінің грантының иегері атанды.
Білім беру грантының иегері, диплом алған соң, Алматы қаласының медициналық ұйымдарында тиісті мамандық бойынша 5 жыл жұмыс істеу міндеттемесін алып, «Алматы қ. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы-Студент-Университет» арасында үш жақты Келісімшарт жасалады.
Алматы қаласы әкімдігінің жанындағы Конкурстық комиссия отырысының шешімімен қабылданған 2025 жылғы резидентура грант иегерлерінің тізімімен сілтеме бойынша танысуға болады https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty-densaulyk/documents/details/888576?lang=kk (PDF файл)