Алматыда медициналық ұйымдарды жаңғырту жұмыстары қарқын алды. Қаланың ауруханалары мен емханалары күрделі жөндеуден өтіп, жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылып жатыр. Сонымен бірге қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде «Денсаулық» орталығы жұмыс істейді.
Мегаполистегі медициналық ұйымдардың жөндеуін қадағалау үшін Денсаулық сақтау басқармасы басшылығы мен арнайы мамандардан құралған топ біршама мекемеге бас сұғып, тексеріс жүргізді. Ауруханаларда жаңғыртудан кейін стационарлық корпустар күшейіп, емханалардың қызметі едәуір кеңеймек. Комиссия ерекше тоқталған нысандардың бірі – қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі медициналық бөлімдер. №72 мекемеде заманауи құрылғылармен жабдықталған «Денсаулық» орталығы жұмыс істейді.
«Тергеу мекемесіне түскен тергеу абақтыларындағы жазасын өтеушілер немесе солардың бізде флюрографиялық инфекциялық ауруларға карантин бөлімінде 15 күндей жатады. Егер инфекциялық аурулар жоқ болса, жалпы камераларға ауыстыруға рұқсат береміз. Мақсат – инфекциялық аурулардың таралауына, өршуіне жол бермеу. Жылына 2 рет профосмотр өткіземіз», – деді № 24 қалалық емхананың дәрігер-эпидемиологі Сейілхан Таласбаев.
Рентген, флюорограф, стоматологиялық құрылғылар және басқа да техника қызмет көрсету сапасын едәуір жақсартуға жол ашты. Мұнда 38 маман жұмыс істейді. Оның 17-сі күн сайын қабылдау жүргізеді. Аптасына бірнеше рет бейінді дәрігерлер келіп, тергеу изоляторы мен түзету мекемелеріндегі екі мыңнан астам адамның денсаулығын бақылайды. Осылайша науқастарға толыққанды медициналық көмек көрсетіледі.
«Барлық керекті құрылғылармен қамтылған. Узи аппараты, тіс емдейтін стомотологиялық жабдықтар бар. Мұнда бейінді мамандардың көмегі көрсетіледі. Диагностика да жасалады. №24 емханаға тіркелгендіктен, біздің мамандар осында келіп тұрады», – деді №24 қалалық емхананың бас медбикесі Қарлығаш Масқұтқызы.
Алматыда бүгінде 20-дан астам медициналық ұйымды жаңғырту көзделген. Соның ішінде №4, №7 клиникалық ауруханаларда және №10 және №20 емханаларда күрделі жөндеу қарқын алған. Денсаулық сақтау басқармасы құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауға алып, мекемелерде үздіксіз қызмет көрсетілуін қадағалауды мақсат етіп отыр.