Бүгін Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Марат Пашимов бірқатар медициналық ұйымға барды.
Аралау мақсаты - мемлекеттік ұйымдардағы ағымдағы қызметке мониторинг жасау және медициналық көмектің сапасын бағалау.
Сапар барысында ол Түрксіб, Жетісу, Алмалы және Наурызбай аудандарындағы ұйымдардың жұмысымен танысты. №24, №21, №19, №33 қалалық емханалар, «Құлагер» МСАК орталығы, №7 қалалық клиникалық аурухана және Қалалық патологоанатомиялық бюро қаралды.
Емханаларда Марат Пашимов медициналық қызметтің қолжетімдігі мен сапасын, профилактикалық жұмыстың ұйымдастырылуын және заманауи жабдықпен қамтамасыз етілуін тексерді.
Мәселен, №24 қалалық емхана Түрксіб ауданының 36 мыңнан астам тұрғынына қызмет көрсетеді. Типтік жоба бойынша салынған ғимарат 2013 жылы пайдалануға берілген. Қазір мұнда күрделі жөндеу жүргізу қажеттігі туындап отыр.
Бүгінде архитектуралық-жоспарлау тапсырмасы (АЖТ) алынып, емхананы қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды. Жобалық-сметалық құжаттама 2025 жылдың 25 қыркүйегінде аяқталады, одан кейін күрделі жөндеу мерзімі айқындалмақ.
28 мыңнан астам тұрғын тіркелген №21 қалалық емханада жақында ғимараттың күрделі жөндеуі аяқталды. Қазір бөлімшелерді жабдықтау және орналастыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Емхананың негізгі үй-жайы, соның ішінде тіркеу бөлімі, дәрігер кабинеттері, күту аймақтары және іргелес аумақ қаралды.
Басшы атқарылған жөндеу жұмыстарының сапасын атап өтіп, әрі қарай жабдықтау барысында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды және ең алдымен халықтың ыңғайлығын ескеру қажеттігін айтты.
Сондай-ақ жабдықтау сапасын бақылау және медициналық персоналдың жұмысына кедергіні барынша азайту бойынша жеке тапсырмалар берілді.
2025 жылдың төртінші тоқсанында мұнда МСАК үздік тәжірибелер орталығын ашу жоспарланған.
Аралау барысында Марат Пашимов ерекше назарды №7 қалалық клиникалық аурухананы қайта жаңғырту жұмыстарына аударды.
Мұнда 20-24 айға есептелген ауқымды жоба басталды. Жоба аясында ғимараттың сейсмокүшейтуі, күрделі жөндеу және жабдықты толық жаңарту қарастырылған.
Жұмыс қабылдау бөлімі, дәріхана, стерилизация орталығы секілді 15 құрылымдық бөлімшені қамтиды. Ота жасау бөлімі, соның ішінде SMART-ота жасау бөлімі жаңғыртылып, анестезиология, қарқынды терапия және гематология бөлімшелері жаңартылады, таза бөлмелер кешені құрылады, медициналық газдар мен пневмопошта жүйелері орнатылады, радиология бөлімшесі және өзге де маңызды қызметтер жетілдіріледі. Сондай-ақ ғимараттың энергия тиімдігі мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімдігіне ерекше мән беріледі.
Жаңғырту нәтижесінде ауруханаға жатқызу кезегі айтарлықтай қысқарады, ауруханаішілік инфекция мен отадан кейінгі асқыну деңгейі төмендейді, науқастың стационарда жату мерзімі азаяды, сондай-ақ пациенттердің жайлы жағдайы мен медициналық персоналдың жұмыс жағдайы жақсарады деп күтіледі.
Сонымен қатар Марат Пашимов Наурызбай ауданындағы Қалалық патологоанатомиялық бюро филиалындағы күрделі жөндеу жұмысымен танысты. Сапар барысында ол бірқатар кемшілікті атап өтіп, ұйым директоры мен мердігер компанияларға анықталған олқылықтарды қысқа мерзімде жоюды тапсырды.
Қалалық патологоанатомиялық бюро жыл сайын 140 мыңнан астам гистологиялық және цитологиялық зерттеулер жүргізеді, олардың басым бөлігі тірі кезінде диагноз қоюға бағытталған.
Ұйым Алматыдағы ірі стационарлармен және МСАК ұйымдарымен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді, өлім себебін нақтылайды және мемлекеттік статистикаға сенімді дерек қалыптастырады.
Сапар соңында Марат Пашимов қалалық денсаулық сақтау жүйесін дамыту әр кезеңде жөндеу сапасынан бастап, ұйымды жабдықтау, заманауи медициналық технологияны енгізу және халыққа қызметтің қолжетімдігін арттыруға дейін тұрақты бақылауды және назарды қажет ететінін атап өтті .
Ол жүргізіліп жатқан жұмыстың басты мақсаты - пациенттер мен медицина қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ алматылықтарды сапалы әрі уақтылы медициналық көмекпен қамтамасыз ету екенін ерекше атап өтті.