Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы медициналық ұйымдардың жартыжылдық жұмысына талдау жасап, тұрғындарға көрсетілетін көмектің сапасын көтеру жолын талқылады.
Кеңесте станционарлық көмектің сапасы, туберкулездің алдын алу шаралары мен жедел инсультті емдеу жүйелерін жетілдіру мәселелері қаралды.
Отырысқа Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басшысының міндетін атқарушы Марат Пашимов, Алматы қаласы бойынша ӘМСҚ филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан, ҚР ДСМ ШЖҚ «Салидат Қайырбекова атындағы Денсаулық сақтауды дамыту республикалық ғылыми орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының директоры Камила Файзуллина, медициналық ұйым басшылары және негізгі медициналық бағыт бойынша штаттан тыс бас мамандар қатысты.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Алматы қаласы филиалының директоры Ілияс Мұхамеджан 2025 жылдың бірінші жартыжылдығындағы стационарлық көмек сапасы туралы талдау жасады. Ол аурухана орындарының жүктемесі, емдеу ұзақтығы мен пациенттер қанағаттанушылығының динамикасы туралы деректі ұсынды.
Медициналық ұйымдардың жартыжылдық көрсеткіші бойынша қорытындыны Камилла Файзуллина жасады. Оның баяндамасында медициналық ұйымдар бойынша көрсеткіштердің салыстырмалы талдауы жүргізіліп, одан әрі жетілдіруді талап ететін бағыттар көрсетілді.
Жедел медициналық көмек көрсету бойынша бас штаттан тыс фтизиатр Жанар Сапиева 2025 жылдың жеті айындағы туберкулезге қарсы медициналық көмек нәтижесі туралы баяндады. Атап айтқанда, балалар мен студенттер арасында туберкулездің алдын алу жұмысына ерекше назар аударылды. Марат Пашимов бұл жұмысты күшейтуді, профилактикалық тексерудің барлық баланы қамтуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ зертханаларды туберкулезді жедел диагностикалау аппаратураларымен жабдықтауды тапсырды. Сонымен қатар ол жоғары оқу орындарының ректорларымен бірігіп, студенттерді профилактикалық тексерулермен қамту мәселесін талқылап, бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынды.
Жедел инсультті басқарудың интеграцияланған моделін енгізу жөніндегі Жол картасын іске асыру барысы туралы бас инсультолог Жанна Дюсембаева баяндады. Қазір Алматыда инсульт орталығының саны беске жетіп, олар қаладағы барлық сегіз ауданды қамтып отыр. Әрбір орталықта компьютерлік томография (КТ), магнитті-резонанстық томография (МРТ), ангиограф және операциялық жабдықтар орнатылған, сондай-ақ 24/7 жұмыс істейтін көпбейінді бригадалар бар. 2025 жылы 2378 пациент ем алды - бұл 2024 жылмен салыстырғанда 168 адамға артық.
Жедел жәрдем бригадасын шақырту сәтінен бастап пациентті инсульт орталығына 40 минут ішінде жеткізу 100%-ға жетті, бұл жоспарлы 92%-дан жоғары.
Кеңес соңында қатысушылар медициналық ұйым мен ведомстволық құрылым арасындағы өзара әрекеттесуді арттыру жолын талқылады. Мұндай жұмыс кездесулері өзекті мәселелерді уақытында анықтап, бірлескен шешім қабылдауға және Алматы тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.