Алматыда ауыр диагноз қойылған науқасқа кәсіби көмек көрсетілді

Алматыда ауыр диагноз қойылған науқасқа кәсіби көмек көрсетілді

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында күрделі клиникалық жағдаймен түскен науқасқа сәтті ота жасалды. Аурухана дәрігерлері ішек түйілуін (өтімсіздігін) және іштің алдыңғы қабырғасында бірнеше жыл бойы жазылмай келген жыланкөзді жойды.

50 жасар ер адам іштің қатты ауруы, үлкен дәрет пен желдің тоқтауы, жүрек айну, әлсіздік және бұрынғы тігіс орнынан ішек сұйықтығының сыртқа ағуы секілді шағымдармен ауруханаға жүгінді.

Тексеру нәтижесінде

жедел жабысқақ ішек өтімсіздігі, толық қалыптаспаған жіңішке ішек жыланкөзі, іш қабырғасындағы бірнеше лигатуралық жыланкөз, сондай-ақ В вирусты гепатитінің созылмалы түрі диагнозы қойылды.

Ота барысында хирург мамандар іш қуысына лапаротомия жасап, ішек ілмектері мен іш қабырғасы арасындағы жабысқан тіндерді ажыратты, ішек өтімсіздігін жойды, ішкі ағзаларды тексеріп шықты, ішектен сыртқа шыққан ақауды (жыланкөзді) жапты және ұзақ уақыт бойы жазылмаған жыланкөздерді алып тастады.

Ота 1,5 сағатқа созылды.

Ішкі қарап-тексеру кезінде іш қуысында айқын жабысқақ үдеріс анықталды: жіңішке ішек ілмектері өзара және іш қабырғасымен жабысып қалған. Сонымен қатар бірнеше жазылмаған жыланкөз өзегі де табылды.

Отаны жасаған:

хирург - Нурхат Есенбеков, ассистент - Меруерт Булантаева, анестезиолог - Қуаныш Шишабай.

Отадан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Науқас емдік бригаданың және оңалту маманының бақылауында болды. Тиісті ем алған соң, бір апта ішінде жағдайы тұрақталып, ол амбулаториялық бақылауға үйіне шығарылды.

«Мұндай күрделі жағдайда науқастың бұрынғы сырқатын, іш қуысына жасалған оталарын және созылмалы ауруларын кешенді түрде ескеріп, жедел әрі нақты шешім қабылдау аса маңызды. Командалық жұмыс пен үйлесімді іс-әрекеттің арқасында ауыр жағдайды сәтті еңсеруге болады», - дейді ота жасау бөлімінің меңгерушісі Нурхат Есенбеков.

Жабысқақ ішек өтімсіздігі мен ішек жыланкөзі - ішкі ағзаларға бірнеше рет ота жасалған науқастарда кездесетін сирек, бірақ қауіпті асқынудың бірі. Мұндай жағдайда дер кезінде диагноз қойып, жеке тәсілмен ем жүргізу - науқастың өмір сапасы мен аман қалуына себеп болады.