Саркома – бұл ағзадағы дәнекер тіндерді: сүйек, бұлшықет, шеміршек, қан тамырлары, май және жүйке тіндерін зақымдайтын қатерлі ісік.
Ол көп таралған карциномалардан ерекшеленеді, себебі эпителий жасушаларынан емес, дәнекер тіндерден дамиды және дененің кез келген бөлігінде пайда болуы мүмкін – тіпті жастар мен балаларда да. Сондықтан оны көбіне «үнсіз» және байқалуы қиын қатерлі ісік деп атайды.
Алматы қаласы №11 қалалық емханасының онкологы Айдын Сатыбаевтың айтуынша, саркоманың 50-ден астам түрі бар, бірақ жиі кездесетіндері – остеосаркома (сүйек обыры), липосаркома (май тінінің обыры), ангиосаркома (тамыр ісігі), синовиалды саркома және рабдомиосаркома (бұлшықет обыры). Олардың кейбірі өте агрессивті түрде дамып, жылдам метастаз бере алады, ал кейбірі баяу өседі, бірақ кез келген жағдайда мұқият бақылауды қажет етеді.
Саркома – сирек кездесетін дерт, ол барлық қатерлі ісіктердің 1%-дан азын құрайды. Алайда оны анықтаудың қиындығы бұл мәселені аса өзекті етеді. Ісіктің бастапқы кезеңінде ауырсыну болмайды және ісіктің өсуі көбіне жарақат салдары немесе қатерсіз түзіліс деп қабылданады. Ісік ауырмайтын түйін, тығыздану немесе ісіну түрінде байқалуы мүмкін. Ал ауырсыну, қозғалыстың шектелуі, шаршау және салмақ жоғалту – аурудың кейінгі сатыларында пайда болады.
Саркоманың даму себептері әлі толық зерттелмеген. Қауіп факторларына – тұқым қуалаушылық бейімділік, радиациялық әсер, зиянды химиялық заттар және жарақаттар жатады. Ли-Фраумени синдромы сияқты кейбір тұқым қуалайтын синдромдар да саркома қаупін арттырады.
Диагностика кешенді тексеруді қажет етеді: УДЗ, МРТ, КТ және биопсия. Емдеу ісіктің орналасуына және сатысына байланысты жүргізіледі. Көп жағдайда ісікті хирургиялық жолмен алып тастау, сондай-ақ химиотерапия мен радиотерапия қолданылады. Соңғы жылдары мақсатты (таргетті) және иммундық терапия бағыттары да дамып келеді.
Саркома кезінде болжам көптеген факторларға байланысты: ісіктің көлемі мен орналасуы, метастаздардың болуы, ісік түрі және науқастың жасы. Ерте анықталған жағдайда және дұрыс ем жүргізілсе, әсіресе жергілікті түрлері кезінде, толық сауығуға қол жеткізуге болады.
Есіңізде болсын: денедегі кез келген ісік немесе түйін, әсіресе ол өсіп жатса, елемеуге болмайды. Ауырсынбайтын болса да, дәрігерге қаралып, тексерілген жөн. Ерте жүгінген жағдайда емделу мүмкіндігі әлдеқайда жоғары.
«Денсаулық дегеніміз – тек белгілердің болмауы емес, ол – ағзаның әрбір белгісіне мұқият қарау. Дәрігерге баруды кейінге қалдырмаңыз – кейде қырағылық қатерлі ісікпен күрестегі шешуші факторға айналады», – дейді Айдын Сатыбаев.