Қалалық кардиологиялық орталық жүрек-қантамыр ауруларын емдеуде заманауи тәсілдерді енгізуді жалғастырып келеді. Жақында мұнда алғаш рет жүрек ырғағын тұрақты кардиостимуляторсыз қалыпқа келтіруге мүмкіндік беретін ерекше араласу - кардионейроабляция сәтті орындалды.
Отаны аритмология бөлімшесінің меңгерушісі Артур Абдымомунов жасады. Науқас, 22 жасар жас жігіт, бас айналу мен естен тану белгілерімен түскен. Терең тексеру мен арандату сынамалары нәтижесінде жүрек ырғағындағы ауытқудың функционалдық сипатта екені, яғни жүректе құрылымдық ақау жоқ екені анықталды.
«Бұған дейін мұндай жағдайда науқасқа кардиостимулятор қойылатын, бұл әсіресе жастар үшін өмір салтына шектеу қоятын. Қазір медицинаның дамуы арқасында біз жүрек ырғағының бұзылуын ешқандай құрылғы орнатпай-ақ - жүрекке шамадан тыс әсер ететін вегетативті жүйке жүйесі тармақтарына нүктелік әсер ету арқылы шешуге мүмкіндік алып отырмыз», - дейді Артур Абдымомунов.
Кардионейроабляция - жүрек ырғағын баяулататын артық парасимпатикалық әсерді (соның ішінде кезбе жүйке белсендігін) әлсіретуге бағытталған емдеу әдісі. Бұл жүректің құрылымына зиян келтірмей-ақ, қалыпты жиырылу жиілігін қалпына келтіруге жағдай жасайды.
Отадан кейін науқастың жағдайы тұрақты, синусты ырғақ қалпына келген. Қазір ол ауруханада дәрігерлер бақылауында, алдағы уақытта динамикалық амбулаториялық бақылауға жіберіледі.
Функционалдық синусты брадикардия көбіне жастарда, спортпен айналысатын адамдарда, сондай-ақ парасимпатикалық жүйке жүйесінің белсендігі жоғары адамдарда кездеседі. Мұндай жағдайда жүрек құрылымдық тұрғыда сау болады, алайда оның жиырылу жиілігі вегетативтік жүйенің қайта бапталуына байланысты төмендейді.
Кардионейроабляция - денеге зақым келтірмейтін әрі тиімдігі жоғары әдіс. Ол науқасты өмір бойы құрылғыға тәуелді етуден сақтайды.
Бұл - Қалалық кардиологиялық орталық тәжірибесіндегі алғашқы клиникалық жағдай. Ол жүрек ырғағының функционалдық бұзылысы бар, әсіресе жас науқастарды емдеудің жаңа мүмкіндіктерін ашып отыр.