Алматылық хирургтер холецистэктомиядан кейінгі кеш асқынуға себеп болған тұқылды сәтті алып тастады

Алматылық хирургтер холецистэктомиядан кейінгі кеш асқынуға себеп болған тұқылды сәтті алып тастады

Алматы Қалалық шұғыл көмек көрсету ауруханасына 57 жастағы ер адам жүгінді. Ол бастапқы тексеру мен кеңес алу үшін ауруханаға өзінің медициналық құжаттары мен зерттеу нәтижелерін электронды пошта арқылы жолдаған. Құжаттары қаралған соң, пациентке бетпе-бет қабылдауға келіп, шұғыл түрде емдеуге жату ұсынылған.

10 жыл бұрын науқас тұрғылықты жерінде өт тас ауруына байланысты өт қабын алдырып тастаған. Алайда соңғы күндері жағдайы күрт нашарлаған: асқазан тұсы мен оң қабырға астында мазалайтын ауырсыну, жүрек айну, ауыздың құрғауы пайда болған.
Құрсақ қуысы ағзаларына жүргізілген МРТ тексерісі өт қабының қалдығы - тұқылының көпіршіктеніп, қабырғасының қалыңдағанын және ішінде ұсақ тастардың жиналғанын көрсеткен. Бұл - күрделі әрі қауіпті асқыну және дереу ота жасауды қажет ететін жағдай.
Пациентке лапаротомия отасы жасалды.
Ота 1,5 сағатқа созылды. Ота жасаған бригада құрамында: хирург Нұрхат Есенбеков, ассистент Дәурен Абдуалиев, анестезиолог Исматулла Камалов болды. Ота барысында көлемі 3,0×2,5 см болатын, қабырғасы қалыңдаған, ішінде тастары бар көпіршік тәрізді тұқыл анықталып, өт қалдығын мойнынан толық алып тастау (тұқыл холецистэктомиясы) жүргізілді.
Отадан кейін пациент емдеуші дәрігер Ақтоты Айтақын мен физиотерапевт-реабилитологтың бақылауында болып, қажетті медикаментозды және қалпына келтіру емін қабылдады. Бесінші күні науқас жағдайы тұрақты болған соң, әрі қарай тұрғылықты жері бойынша бақылау ұсынылып, үйіне шығарылды.
«Өт қабын алып тастағаннан кейін кейбір науқаста асқыну болады - ұзынша тұқыл ішінде тастар қайта пайда болып, қабыну басталуы мүмкін. Бұл - баяу, байқалмай дамитын үдеріс. Ол кенеттен асқынады. Мұндай жағдайды дер кезінде анықтап, ота жасау - ең дұрыс шешім. Біз патологиялық учаскені алып тастадық, пациенттің жағдайы жақсы. Ең бастысы - ауырсыну мен белгілерді елеусіз қалдырмай, дер кезінде тексерілу керек», - деп түсіндіреді Нұрхат Есенбеков.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН:

Өт қабын алып тастағаннан кейін ауырсыну жалғаса берсе - бұл қалыпты жағдай емес!

Жылдар өткен соң да асқыну пайда болуы мүмкін.

Уақтылы жүргізілген тексеру мен хирургиялық ем - адамның өмір сапасын қалпына келтіреді.